Қазақстан АЭХА мінберінде атом саласын дамытудағы ұстанымын айтты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Венада өтіп жатқан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) Бас конференциясының 70-ші сессиясында ұлттық мәлімдемесін ұсынды.

Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттігі

Қазақстан делегациясының басшысы, Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин атом энергетикасы мен өнеркәсібін, ядролық ғылым мен медицинаны дамыту, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне тоқталды.

Ұлттық мәлімдемеде Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына ерекше назар аударылды. Қазақстан ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау жөніндегі міндеттемелеріне бейілді екенін растап, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың мүмкіндігінше тезірек күшіне енуіне шақырды.

Ғұмар Серғазин Қазақстанның атом саласы дамуының жаңа кезеңі туралы да айтты. 2026 жылы Мемлекет басшысы 2050 жылға дейінгі атом саласын дамыту стратегиясын бекітті. Құжат энергетика, өнеркәсіп, ғылым, білім беру және жоғары технологиялық өндірісті біріктіретін ұлттық ядролық кластер қалыптастыруды көздейді.

Сонымен қатар Қазақстанның жаһандық атом саласы мен ядролық отынның халықаралық жеткізу тізбегіндегі рөліне назар аударылды. Ел аумағында орналасқан АЭХА-ның Төмен байытылған уран банкінің қызметі де атап өтілді.

– Бейбітшілікке, ғылымға және адамзат игілігіне қызмет ететін атом қорқыныштың емес, энергияның, прогресс пен үміттің көзіне айнала алады, – деді Ғұмар Серғазин.

АЭХА-мен ынтымақтастықты одан әрі кеңейту де Қазақстан үшін басым бағыттардың бірі ретінде аталды. 2026 жылы қол қойылған 2036 жылға дейінгі ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі Жол картасы атом энергетикасы, ядролық медицина, ғылым, қауіпсіздік және кадрлар даярлау салаларын қамтиды.

Қазақстан АЭХА-мен стратегиялық әріптестікті жалғастыруға, сондай-ақ энергетика, ғылым, медицина және орнықты даму мүддесі үшін атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды одан әрі дамытуға дайын екенін растады.

Айта кетейік, Қазақстан мен «Росатом» алғашқы АЭС жобасы бойынша келісім жасады.