Қазақстан Air Products компаниясына мұнай-газ химиясы және көмір химиясын дамытуды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Air Products компаниясының Еуропа және Африка бойынша президенті Ива Болспен кездесу өткізді. Басқосу барысында Қазақстан аумағында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және жоспарларды талқылау жүргізілді. 

Фото: Энергетика министрлігі

Компания өкілдері мұнай-газ және мұнай-химия саласындағы жобаларын таныстырды, оның ішінде ілеспе газды өңдеу жобалары бар. Бұл бағыттар саланы дамытудың ұлттық басымдықтарына сәйкес келетіндіктен, әлеуетті қызығушылық тудыратыны айтылды. 

Энергетика министрлігі газ саласының тұрақты жұмыс істеуі мен ресурстық базаның сенімділігін қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Әсіресе Қашаған кен орнынан алынатын шикі газды тиімді пайдалану және ішкі нарықты тауарлық газбен қамтамасыз ету басымдық ретінде қарастырылды. 

Кездесу барысында 2025 жылдан бастап North Caspian Operating Company операторы мен Air Products компаниясы арасында Қашаған жобасы аясында 6 млрд текше метрге дейін ілеспе газды өңдеу мүмкіндігі бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқаны хабарланды. Министрлік бұл бастамалардың мемлекеттік органдармен үйлестірілуі қажет екенін атап өтті. 

Сонымен қатар Теңіз кен орнының қолда бар өндірістік қуаттарын Қашаған жобасын одан әрі дамыту мақсатында пайдалану тұжырымдамасының әзірлену барысы қаралды. Оператордың бағалауынша, бұл тәсіл капиталдық шығындарды азайту тұрғысынан тиімді болуы мүмкін.

Энергетика министрлігі Air Products компаниясының «ҚазМұнайГаз» және «QazaqGaz» ұлттық компанияларымен әртүрлі ынтымақтастық форматтарын қарастыруға дайын екенін білдірді.

Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласын дамытуға бағытталған жобаларды іске асыру және ынтымақтастықты нығайтуға өзара мүдделілік танытты. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша халықаралық серіктестермен ашық әрі сындарлы диалогқа дайын екенін жеткізді.

Бұдан бұрын энергетика кәсіпорындарының қызметкерлеріне жеңілдетілген ипотека берілетінін жазған едік.