Қазақстан Ақаба процесін жоғары бағалайды — Қасым-Жомарт Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Иорданияның Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған бастамаларын жоғары бағалайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королімен кездесуде айтты.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы екі елдің халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешу тәсілдері ұқсас екеніне назар аударып, Иордания Королінің достық байланыстарды нығайтып, қос халықты жақындастыруға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Соның ішінде Президент ІІ Абдалла бен әл-Хусейн бастамашы болған Ақаба процесін ерекше атап өтті.

— Сіздің көреген басшылығыңызбен Иордания парасаттылық әрі байыптылық үлгісін көрсетіп, халықаралық аренада Таяу Шығыс және одан тысқары аймақтардағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың дәйекті жақтаушысы ретінде кеңінен танылды. Осы орайда, Қазақстан Өзіңіз он жылдан аса уақыт бұрын бастаған Ақаба процесін жоғары бағалайды. Мұндай форматтағы кездесуге Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырушылардың бірі ретінде қатысу — біз үшін үлкен мәртебе. Сессия бүгінде аса өзекті саналатын жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік тақырыбына арналып отыр. Саммит Орталық Азия өңірінің ұстанымын білдіріп, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі бірлескен күш-жігерімізге тың серпін сыйлайтынына сенімдімін, — деді Президент.

Айта кетейік, 6 қараша күні Астанада Ақаба процесі саммиті өтеді. Ақаба процесі — 2015 жылы Иордания королі ІІ Абдалла бастамашы болған халықаралық бастама. Оның басты мақсаты — терроризмге, экстремизмге және трансұлттық қылмысқа қарсы күресте мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту.

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Иордан Хашимит Корольдігінің Королі II Абдалла бен әл-Хусейн ресми сапармен келді. Астана әуежайында Иордания Королін Мемлекет басшысының өзі күтіп алды.

Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн келіссөз жүргізді.