Қазақстан-АҚШ: Үкіметтік делегация мінген ұшақтардан алым алу жойылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен АҚШ мемлекеттік әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсету алымдарын алмайтын болады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Мемлекет басшысының 2018 жылғы қаңтардағы Вашингтонға сапары аясында ҚР Үкіметі мен АҚШ Үкіметі арасындағы мемлекеттік әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсету үшін төлемақы алуға қатысты келісімге қол қойылды. Көрсетілген келісімді ратификациялау туралы назарларыңызға ұсынылған заң жобасы Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған. Келісімнің мақсаты үкіметтік делегациялар мінген мемлекеттік әуе кемелерінен аэронавигациялық алымдарды ортақ төлеуден босату болып табылады. Мұндай келісім «Әуе кеңістігін пайдалану және авиация туралы» ҚР  Заңының талаптарына сәйкес ратификациялауға жатады», - деді «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы мемлекеттік әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсету үшін төлемақы алуға қатысты келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңының жобасын таныстырған ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Скляр.

Оның айтуынша, келісімнің ережелерін орындау үшін тараптар әр ұшуға тиісті дипломатиялық рұқсаттар береді. Келісім талаптарын орындауға жауапты мекемелер қазақстандық тараптан - Сыртқы істер министрлігі мен Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті болып табылады.

«Жалпы Қазақстан Республикасынан Америкаға рейстер, АҚШ-тан қазақстандық тарапқа әуе кемелерінің ұшуы жыл сайын жүзеге асырылады. Аталған келісім аясында мемлекеттік әуе кемелерінің ұшу санының шектеулі екендігін еске ала отырып, аэронавигациялық қызмет көрсету бойынша қызметтерді көрсететін азаматтық авация ұйымына елеулі экономикалық зиян болмайды. Көрсетілген келісімді ратификациялаған жағдайда қандайда бір теріс құқықтық және әлеуметтік салдары жоқ», - деді ол.

Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірауыздан мақұлдап, қаулы қабылдады.