Қазақстан Ақтау портының әлеуетін арттырып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Ақтау теңіз портында кеме қатынасының қауіпсіздігін арттыруға және Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) өткізу қабілетін ұлғайтуға бағытталған Ақтау порты акваториясын тереңдету жобасын іске асыру жалғасып жатыр.

Фото: Көлік министрлігі

Көлік министрлігі мәліметінше, бүгінде бас мердігер — China Harbour Engineering Company Ltd. компаниясы жобаны іске асыру үшін қажетті геодезиялық зерттеу жұмыстарын және алынған деректерді өңдеуді аяқтады. Дайындық кезеңі аясында арнайы тереңдету жұмыстарын жүргізетін флоттың, басқа да техникалар мен жабдықтарды жұмылдыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар учаскеде қоршау бөгетін салу жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 785 метр болатын құрылыстың 680 метрі салынды. Негізгі тереңдету жұмыстарын бастау осы жылдың шілде айының екінші жартысына жоспарланған.

Фото: Көлік министрлігі

Жобаны толық аяқтау 2026 жылдың соңына дейін көзделіп отыр. Жұмыстардың нәтижесінде порт акваториясы 6–7 метрге дейін тереңдетіледі. Бұл кемелердің толық жүктелуін қамтамасыз етуге және жүктерді өңдеу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жоба ТХКБ әлеуетінің артуына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі болады. 2028 жылға қарай оның қуатын 6 млн тоннадан 10 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл Қазақстанның Шығыс – Батыс бағыты бойындағы маңызды көлік-логистикалық торап ретіндегі рөлін одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

2026 жылдың 5 айында ТХКБ арқылы Қытай – Еуропа бағыты бойынша контейнерлік тасымал көлемі 30% өсті.

Транскаспий бағытын дамыту үшін Ақтау портында теңіз түбін тереңдету қолға алынғанын жазған едік.