Қазақстан Президенті әлемдік деңгейдегі зиялылармен кездесу барысында Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО - 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің тақырыбы қазіргі озық технологиялар заманында өзекті екенін айтып өтті.
«Көрменің арқасында Қазақстан жаңа технологиялардың дамуы тұрғысынан әлем назарын өзіне аударып отыр. Соған қарап қоршаған ортамыз қалайша түбегейлі өзгеріп отырғанын көре аламыз. Электромобильдерді, өздігінен жүретін көлікті, нанотехнологияларды, сондай-ақ жаңа энергия түрлерін біз футуристік дүниелер деп санайтынбыз. Қазір соның бәрі шындыққа айналуда», - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев жан-жақты жаңғыруға ықпал ететін күн тәртібіндегі халықаралық өзекті мәселелерді айта келе, жаһандық проблемаларды шешу үшін күш-жігерді жұмылдыру қажеттігіне тоқталды.
«АҚШ-тың Париж келісімінен шығатыны туралы мәлімдемесі, Катардың төңірегіндегі жағдай орнықты дамуды күрделендіре түсті. Түрлі елдердегі экологиялық проблемалар, жа¬һан¬дануға қарсылық үдерісі, көші-қон ағыны мен патернализм сауда жасауға, өзара қарым-қа¬ты-насқа және интеграцияға кедергі келтіруде», - деді.
Кездесу барысында А.Квасьневский, С.Месич, С.Тимашев, Р.Чунг, Д.Френкель, А.Спицын, Д.Даокуи Ли, И.Саконг, П.Тичанский, Д.Перкинс, Д.Гарольд, Н.Талеб, Х.Бюркнер баяндама жасады. Іс-шара соңында Елбасымыз салиқалы жиынға қатысушыларға әңгіменің мазмұнды болғаны үшін алғыс айтып, өзекті мәселелерді Астана экономикалық форумы барысында одан әрі талқылауды ұсынды.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев «Астана ЭКСПО - 2017» көрме кешенінің Конгресс-орталығында өткен «Жаңа энергия - жаңа экономика» атты Х Астана экономикалық форумының пленарлық отырысына қатысты. Елбасы биылғы экономикалық форум ¬Еуразия кеңістігі үшін тарихи бетбұрысты кезеңінде өткізіліп отырғанын, Үндістан мен Пәкістан ШЫҰ кірген соң 3 миллиард адамды қамтитын нарығы бар жаңа жаһандық ойыншы пайда болғанын, ШЫҰ елдерін Ұлы Жібек жолын жаңғырту жобасымен қамту жаңа экономикалық субөңірді қалыптастырғанын айтты.
Қазақстан Президенті елдердің байлығы мен олардың тұрғындарының әл-ауқатын танытатын көрсеткіштерді есептеудің жаңа әдістерін әзірлеу, сондай-ақ әлемдік қаржы құрылымын трансформациялау қажеттігіне, экономикалық өсім таза энергетиканы дамытуға және экологияны сақтауға негізделуге тиіс екеніне назар аударып, Париж келісімін жалпыға бірдей орындаудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, Н.Назарбаев Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясында елімізде ауқымды жұмыс басталғаны және энергетика саласын жаңғыртуға байланысты атқарылып жатқан шаралар жөнінде айтты.
«10 жыл бұрын біз ТМД елдері арасынан бірінші болып Экологиялық кодексті қабылдадық. 2012 жылы «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заң күшіне енді. Сол жылы еліміз Халықаралық «ЭКСПО - 2017» мамандандырылған көрмесін өткізу құқығын жеңіп алды. Қазір біз соның аумағында тұрмыз. Көрменің тақырыбы - «Болашақтың энергиясы», - деді Қазақстан Президенті.
Сөз соңында Елбасы Н.Назарбаев болашақта жер шарының экологиялық тұрғыдан таза болуы үшін ядролық қарусыз әлем тұжырымдамасының маңызды екенін атап өтті.