Қазақстан әлемдегі ең ірі ЖИ орталықтарының бірін құрмақ: $10 млрд-тық жоба туралы не белгілі

АСТАНА. KAZINFORM — Firebird AI компаниясының бас директоры Размиг Овагимян «Silk Way» телеарнасына берген сұхбатында жасанды интеллектінің мүмкіндіктері туралы сөз қозғады. Ол қуатты компьютерлік жүйелердің робот жасау, ғарышты зерттеу және медицина салаларын едәуір жеделдететінін айтты.

Фото: sam.kz

Қазақстан жасанды интеллект саласында тек жоспар құрумен шектелмей, нақты инфрақұрылым орнатуға кірісті. Қуаттылығы бір гигаваттқа жететін «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасы елімізді әлемдік деңгейдегі дерек өңдеу орталығына айналдыруды көздейді. Firebird AI компаниясының бас директоры Размиг Овагимян жасанды интеллекттің ғалымдар мен кәсіпкерлерге ғана емес, шығармашылық салаға да тың мүмкіндіктер ашатынын айтты.

— Қазақстан жасанды интеллект саласын қарқынды дамытып келеді. «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» салушы инвестор ретінде Firebird AI компаниясынан не күтесіз?

— Мұндай жобалар бүгінде өңірлік деңгейден асып, жасанды интеллектіні дамытудың жаһандық орталығына айналып барады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу барысында Қазақстанның бұл мәселеге қаншалықты байыппен қарайтынына көзіміз жетті. Елімізде 2026 жылдың Жасанды интеллект жылы деп жариялануы тегін емес.

Қазақстанның дарынды мамандары, дамудың айқын бағыты және жобаларды жедел жүзеге асыру қабілеті — бізді озық ететін басты артықшылықтар. Осыған орай, 10 миллиард доллар инвестиция тартып, 250 мегаватт қуатты іске қосу арқылы елімізді жасанды интеллект саласындағы есептеу мүмкіндігі бойынша әлемнің үздік ондығына шығармақпыз. Біз тек деректер орталықтарын салумен шектелмей, бағдарламалық қамтамасыз етуге дейінгі тұтас экожүйені қалыптастырып жатырмыз. Сондықтан Қазақстан бүгінде ішкі және халықаралық нарықтарға қызмет ететін, инженерлер мен кәсіпкерлер үшін инновациялық өнімдерге жол ашатын маңызды технологиялық хабқа айналып отыр.

Фото: Ақорда

— «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасы деректерді иеленуден оларды өңдеуге көшуді көздейді. Әлемде есептеу ресурстары тапшы болып тұрған тұста Қазақстанның алдынан қандай мүмкіндіктер ашылады?

— Бұл — аса маңызды қадам, себебі қуаттылығы бір гигаваттқа жететін алып алқаптың алғашқы кезеңдерін жүзеге асыру Қазақстанды жаһандық деңгейге көтереді.

Бұл жоба тек өз еліміздің қажеттілігін өтеп қана қоймай, әлемнің үздік инженерлері мен алдыңғы қатарлы технологиялық компанияларын елімізге тартатын, талантты жастар мен ірі бизнесті өзіне тартып тұратын нағыз инновациялық орталық болмақ.

Фото: Ақорда

Біз алдыңғы қатарлы американдық технологияларды пайдаланып, инфрақұрылым тұрғызып жатырмыз және оның алғашқы нысандарын 2027 жылдың алғашқы жартысында іске қоспақпыз. Бұл — әлемде есептеу қуаттары тапшы болып тұрған тұста еліміздің жаһандық деңгейдегі ең ірі дерек өңдеу тораптарының біріне айналуына жол ашады.

Осылайша, Қазақстан тек ішкі сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, жасанды интеллект саласындағы халықаралық компанияларды өзіне тартатын қуатты орталыққа айналады.

— Еліміздің экономикасын қарқынды дамыту үшін қандай мүмкіндіктер ашылып отыр?

— Робототехника, ғарыш технологиясы мен ғылым салаларының қарыштап дамып жатқанын көріп отырмыз. Әсіресе, медициналық зерттеулерде, яғни обыр дерттерін зерттеуден бастап, ДНҚ құрылымын талдауға дейінгі бағыттарда әлеует өте жоғары.

Мұндай озық есептеу қуаттары жаңа нарықтар мен зерттеу алаңдарын қалыптастырады. Адамның қолында тың идея мен қажетті құрал болса, кедергілер өздігінен жойыла бастайды. 

Жасанды интеллект инновацияны бұқараға жақындата түседі. Заманауи технологиялар арқасында жас кәсіпорындар мен дарынды мамандар ірі корпорациялармен иық тіресе бәсекелесе алады. Қазақстан жастары үшін бұл — өз жобаларын жылдам жүзеге асырып, әлемдік деңгейге шығудың тамаша мүмкіндігі.

— Биыл тамызда алғашқы Astana AI Film Festival өтеді. Мұндай бастамалар мәдениет, білім және шығармашылық салаларына қалай әсер етеді?

— Жасанды интеллект арқылы түсірілген фильмдер фестивалі секілді шаралар технологияны көпшілікке түсінікті әрі қолжетімді етеді. Ол тек мемлекеттік немесе корпоративтік деңгейдегі дүние болмай, қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналады.

OpenAI EDU секілді білім беру бағдарламаларының да пайдасы мол. Технология игілігі қоғамның барлық сатысын қамтығаны абзал.

Жасанды интеллект шығармашылықты алмастырмауы тиіс. Керісінше, адамның уақытын үнемдеп, суретшілер, режиссерлер мен өнер иелерінің жаңа идеялар тудыруына жол ашады. Қазіргі технологиялардың даму қарқыны сонша, бұрын он жылда бітетін жобаларды бүгінде әлдеқайда жылдам жүзеге асыруға болады.

Фото: Үкімет

Адами капиталды дамыту — өзекті мәселе. Қазір жасанды интеллектпен жұмыс істеу үшін ғылыми дәреже қажет емес, бағдарламалау мен тың технологияны мектеп жасынан бастап меңгеруге болады. Сондықтан білім беру, ғылыми ізденіс пен жас дарындарға қолдау көрсету — басты басымдық.

— Қазақстанның іскерлік ортасы шетелдік инвесторларды несімен баурайды?

Қазақстандағы бизнес ортаның әлеуеті жоғары. Alem.ai секілді жобалар мен Астана халықаралық қаржы орталығының ағылшын құқығына негізделген жүйесі мұның айқын дәлелі. Америкалық компания ретінде біз Firebird AI Kazakhstan серіктестігін небәрі бір аптада тіркеп үлгердік, бұл — өте жедел әрі сапалы нәтиже.
Қазір елімізде арнайы команда құрып жатырмыз, жергілікті және халықаралық мамандардың қызығушылығы зор. Бұл Қазақстанның стратегиялық бағдары ғана емес, жоспарды іске асырудағы ұшқырлығын көрсетеді.

Әлемнің көп елінде стратегиялық көзқарас пен іске асыру тетігі бөлек жүреді, ал Қазақстанда бұл екеуі үйлесім тапқан, бұл — сирек кездесетін құбылыс. Біз Қазақстан үкіметімен стратегиялық серіктестік жариялап, «Қазақтелекоммен» деректер орталығын салу бойынша келісімге келдік, алғашқы кезең келер жылы басталады.

Еске сала кетейік, Қазақстан үкіметі Firebird және NVIDIA компанияларымен «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» салу бойынша 10 миллиард долларлық келісімшартқа қол қойды.

2026 жылдың 9 маусымында Ақорда 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» ұлттық стратегиясын бекітті. 

Бұған дейін Дүниежүзілік банк Қазақстанды жаһандық «Digital Compact» стратегиясына қосылуға шақырған болатын.