Қазақстан әлемдегі адам даму индексінің деңгейі жоғары елдер қатарында - БҰҰ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан БҰҰ Даму бағдарламасының адам даму индексіндегі орнын сақтап қалды. Аталған рейтингте 70-ші орын иеленген Қазақстан әлемдегі адам даму индексінің деңгейі жоғары елдер қатарында тұр.

Бұл туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінен хабарланды.

БҰҰ Даму Бағдарламасына қатысқан 187 ел рейтингінде 70-орыннан көрінген Қазақстан Ресей (57-і орын), Беларусь (53-і орын), Украинамен (83-і орын) бір топта. Бұл топтағы индексте Түркия 69-шы, Мексика 71-ші орында тұр.

Тоқтала кететін жайт, Орталық Азия елдері адам даму деңгейі жағынан төмен елдер қатарында тұр. Мәселен, Түркіменстан 103-ші, Өзбекстан 116-шы, Қырғызстан 125-ші, Тәжікстан 133-ші орында.

Еске сала кетейік, Адам даму индексі бойынша Норвегия елі көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарда Австралия, Швейцария, Нидерланд корольдігі мен АҚШ жайғасқан.

Ал гендерлік теңдік жағынан Қазақстан 25-орында тұр.