Ұлттық компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаһандық бизнес алаңына айналған көрмені 160 мың адам тамашалайды. Сондай-ақ, 180 мемлекеттен тағы 10 мыңнан астам мейман қатысады деп күтілуде. Бұл - осы іс-шараның өткізілу тарихында (51 жыл) рекорд болып табылады.
«6 наурыз күні Германия Канцлері Ангела Меркель мен Дүниежүзілік туристік ұйымның (ЮНВТО) Бас хатшысы Зураб Пололикашвилидің қатысуымен көрменің ашылу салтанаты өтті. Қазақстан стендінің негізгі концепциясы ретінде еліміздің этникасы және мәдениеті алынған. Ал стендтің орталық элементі - толық жабдықталған нағыз киіз үйде жент дайындаудан, қазақ ұлттық музыкалық аспабы сазсырнай жасаудан, киіз үй тұрғызудан шеберлік сыныптары өткізіліп, ұлттық музыка мен билер көрерменге таныстырылып жатыр», - деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметінен.
Бизнес алаңы 5 күн бойы қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрін паш ететін сахна ретінде пайдаланылмақ. Стендке келушілер жауынгер киіміндегі «Арлан» театры батырларымен суретке түсіп, олармен қол күрестіре алады.
«Сондай-ақ, павильонда үстелде ойналатын асық ойыны түрлері үшін кіші алаң бөлінген, бұл жерде қонақтарға асық ойнау үйретілетін болады. Ең белсенді ойыншыларға асық жиынтықтары сыйға тартылады.
«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Қ. Сәдуақасов бастаған Қазақстан делегациясының құрамында туристік компаниялардың, қонақ үйлердің және өңірлік туризм басқармаларының 40-тан астам өкілі бар. Қатысушылардың мұндай рекордты саны бұрын-соңды ешбір көрмеде болмаған еді», - делінген хабарламада.
Қазақстан ITB көрмесіне жыл сайын қатысады. Биыл ITB-дегі Қазақстанның ұлттық стендінің ұйымдастырушысы «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ туристік көрмелерге қатысудың жаңа форматын ұсынып отыр.
Берлиндегі көрмеден басқа, бұл жылы ұлттық компания Қытай, Гонконг, Оңтүстік Корея, Польша және басқа мемлекеттердегі көрмелерге қатысуды жоспарлап отыр.