Қазақстан әлемдегі ірі қаржы орталықтарымен әуе байланысын орнатпақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ИДМ Астана әлемдік деңгейдегі қаржы орталығы болуы үшін алдыңғы қатарлы қаржы орталықтарымен (Нью-Йорк, Цюрих, Токио, Сингапур, Бангкок және Гонконг) жаңа халықаралық авиабайланыстар ашу бойынша жұмыстар жүргізуде. Астанада өткен алқа мәжілісінде ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев осылай мәлім етті.

«2015 жылы 7 жаңа бағыт ашылған. (Астанадан Қазан, Сеул, Париж, Тбилисиге дейін, Атыраудан Минеральные Водыға, Қызылордадан Мәскеуге, Алматыдан Томскіге)», деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Азаматтық авиация саласын дамыту бойынша бүгінде аймақтық әуе хабын дамыту жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Комитет қызметін Британияның азаматтық авиация агенттігі үлгісіне бағыттай отырып реформалау бойынша жұмыстар қолға алынды.

Осы мақсатта 2015 жылы 3 қарашада Министрлік пен Британияның азаматтық авиация агенттігі (UKCAAi) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында ИКАО-ның валидациялық миссиясын жүргізу жоспарланып отыр.