13:00, 30 Сәуір 2009
Қазақстан әлемдік білім кеңістігінен өз орнын алуы керек - академик Көпжасар Нәрібаев
АЛМАТЫ. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстан әлемдік білім кеңістігінен өз орнын алуы керек. Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан «Қазақстан экономикасының бәсеке қабілеттілігі ретінде жоғары білімді жетілдіру» деп аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бұл конференция еліміздегі жоғары білім жүйесінің қазіргі жағдайын талдап анықтауға арналып отыр. Әрине, білім жүйесі бір ғана университетпен, не академиямен шектелмейді. Ол - жүйе. Онда көптеген оқу орындары, олардың өзара байланысы болады. Ең бірінші қаралатын мәселе - қазіргі замандағы білім берудің сапасы. Жасырын емес, соңғы кезде орта мектепте де, жоғары оқу орнында да білім сапасы төмендеп кетті. Оның көптеген себептері бар. Нарық - білім мен ғылымның, мәдениет пен әдебиеттің жанашыры емес екен. Нарық тек қана экономиканы ғана үйлестіретін тетік. Рухани дүниеге ол қауқарсыз болып шықты. Енді етек-жеңімізді жиып, экономика дамып келе жатқанда білімнің, ғылымының тағдырын, болашағын ойлауымыз керек», дейді ҚР ҰҒА академигі Көпжасар Нәрібаев. Оның айтуынша, жаһандану заманында ықпалдастық үрдісі жүріп, әлемдік білім беру кеңістігі жасалуда. Оған Қазақстан да кірмек. Сол себепті бұл басқосуда оның талап-тілектері қандай, оған сай болу үшін не істеу керектігі жан-жақты сөз болмақ. Онда айтылған ой-пікірлер тиянақталып, Білім және ғылым министрлігіне жолданады деп жоспарлануда. 7 секция бойынша конференция жұмысына жас ғалымдар көбірек тартылып отыр.