Іс-шараны ұйымдастыруда Қазақстанның БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі маңызды рөл атқарған.
— Шахмат — әлемнің кез келген жеріндегі адамға түсінікті дипломатияның әмбебап тілдерінің бірі. Ол спортпен ғана шектелмейді, сонымен қатар елдер мен мәдениеттерді жақындастыратын диалог құралы. Сондықтан салтанатты рәсімнің Женевадағы БҰҰ ғимаратында өтуінің символдық мәні зор, — деді Тимур Турлов.
Ол Қазақстанның шахмат саласындағы жетістіктеріне де тоқталды.
— Бүгінде спортшыларымыз ірі халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп, елімізде әлемдік деңгейдегі турнирлер ұйымдастырылып келеді. Алайда бұдан да маңыздысы — Қазақстан әлем бойынша шахматты дамытуға жауапкершілікті бұрынғыдан да көбірек алып жатыр. Біз түрлі бастама көтеріп, жаһандық шахмат күн тәртібін қалыптастыруға атсалысып келеміз. БҰҰ-да өткен бұл шара — соның тағы бір айқын дәлелі, — деді FIDE президенті.
Еске салайық, Женева маңында шахматтан әлем чемпионы атағы үшін матчтың алғашқы партиясы басталды.
Бірінші партия алдында дәстүрлі символикалық жүрістер рәсімі өтті. Ақ фигуралармен алғашқы жүрісті FIDE президенті Тимур Турлов жасаса, қара фигуралармен жауап жүрісін федерация вице-президенті, шахматтан бес дүркін әлем чемпионы Вишванатан Ананд жасады.
Матчтың тікелей көрсетілімін мына сілтеме арқылы көруге болады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан жылдың бас шахмат додасын ұйымдастырушылардың бірі болғанын хабарлағанбыз.