Министр кеше халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін бүкіл ел болып қуанышпен қарсы алғанын атап өтті. Олардың жетістігі Мемлекет басшысының жоғары бағасына ие болды. Биыл алғаш рет оқушылармен бірге олардың мұғалімдері мен жаттықтырушылары да осындай жоғары деңгейде марапатталды.
– Бұл елімізде баланың жетістігі бағаланатынын және мұғалімнің еңбегі құрметке бөленетінін көрсетеді. Ал осы қолдаудың артында балаларымыздың нақты нәтижелері тұр, – деді министр.
2026 жылы Қазақстанның физикадан ұлттық құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізді. Физикадан өткен 56-шы халықаралық олимпиадада қазақстандық бес оқушының барлығы алтын медаль иеленді. Бұл – Қазақстанның осы олимпиадаға қатысу тарихындағы ең үздік нәтиже.
Қазақстандық оқушылардың технология саласындағы жетістіктері де артып келеді. Әлемдік робототехника чемпионатында қазақстандық оқушылар 12 жүлдеге ие болып, елдің инженерия мен цифрлық технологиялар бағытындағы әлеуетін тағы бір мәрте көрсетті.
– Қазақстан әлемдік зияткерлік бәсекенің алаңына айналып келеді. Биыл алғаш рет Астанада 106 елден 500-ге жуық қатысушы жиналған ЖИ бойынша халықаралық олимпиада өтті. Қазақстандық оқушы жалпы есепте екінші орын алды, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министр бұл нәтижелер білім саласына көрсетіліп отырған жүйелі қолдаудың арқасында мүмкін болғанын атап өтті.
– Қол жеткізген нәтижелер Сіздің білім саласына көрсетіп отырған жүйелі қолдауыңыздың және олимпиадалық қозғалысқа ерекше көңіл бөлуіңіздің арқасында мүмкін болды. Сіздің тапсырмаңызбен дарынды жастарды одан әрі дамыту мүмкіндіктері кеңейтілді. Оның ішінде «Болашақ» стипендиясы арқылы білім алу мүмкіндігі де бар. Бүгінде оқушыларымыз әлемнің жетекші алаңдарында жоғары бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді. Ендігі міндет – білім берудің жоғары сапасын әрбір мектеп пен әрбір балаға қолжетімді ету, – деді ол Мемлекет басшысына.
Айта кетейік, елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен педагогтердің Тамыз конференциясының пленарлық отырысы басталды. Оған еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам білім саласының қызметкерлері мен еңбек ардагерлері қатысып отыр.
Елімізде ауыл мен қала оқушылары арасындағы білім алшақтығы 5 балға қысқарған.