Қазақстан әлемнің индустриалды дамыған елдерінің қатарына өтуі үшін барлық жағдайды жасайтын боламыз -Н. Назарбаев

АСТАНА. 8 сәуір. ҚазАқпарат / Қанат Мәметқазыұлы/ - Үшінші онжылдық басында Қазақстан әлемнің индустриалды дамыған елдерінің қатарына өтуі үшін барлық жағдайды жасайтын боламыз. Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен ұлықтау рәсімінде Қазақстан халқына Ант беріп, жаңа президенттік мерзімге ресми кіріскеннен кейін сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

Сөз арасында Мемлекет басшысы инновациялақ даму мәселелеріне кеңінен тоқтала келе, ғылыми зертханаларда, заманауи өндірістерде жұмыстарды жаңғырту қажеттігіне де тоқталып өтті. Бұл үшін 100 абсолютті инновацияны іздеуге кірісу қажеттігін де айтты. Бұндай міндет Үкімет пен барлық министрліктердің, ведомстволардың, өңірлік басшылық алдына жүктелген. «Егер біз осылардың арасынан аса перспективалы болып табылатын жобалардың 10-ын таңдап алатын болсақ және жақын аралықтағы 20 жылда соларды жүзеге асыруға күш салсақ, бұның бәрі Қазақстанның алға қарай жылжуына қуатты серпін беертін болады. Бұл ел дамуын айқындап беретін ұлттық инновациялық классты қалыптастырудың кілті. Үшінші онжылдықтың басында біз Қазақстанды әлемнің индустриалды дамыған елдерінің қатарына өтуі үшін барлық жағдайды жасаймыз. Осылайша біз, 2030 жылға дейінгі тарихи стратегияны салтанатты түрде аяқтайтын боламыз және одан кейінгі онжылдық үшін бұдан да өршіл жоспарларды әзірлеуге кірісеміз. Бұның өзін біздің балаларымыз бен немерелеріміз жүзеге асыратын болады және олар біздің сол ұрпақ үшін осыншама қуатты базаны қалыптастырғанымызды мақтанышпен еске алатын болады», - деді Елбасы.