Қазақстан алғаш рет Азия-Тынық мұхиты аймағындағы үздік мекемелердің беделді рейтингіне енді
АСТАНА. KAZIFORM - Бірден 3 қазақстандық мекеме «ASIA-PACIFIC-Best 100 & best - in-Class» рейтингінің топ-100 кірді. Tatler Best алғаш рет елімізді үздік топтамаға қосып, гастрономия мен қонақжайлылық индустриясының деңгейінің жоғары екенін атап өтті.
Kazakh Tourism компаниясының хабарлауынша, Бангкокте Tatler Best 2025 байқауының нәтижелері жарияланды. Қазақстаннан Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ТОП-100 қонақ үй, мейрамхана мен бар рейтингісіне елордалық «The Veil» бутик-қонақүйі, Алматы қаласындағы «Auyl» мейрамханасы және «French 42» кірді. Олар саланың жетекші әлемдік өкілдерімен қатар үздік деп танылды.
-Қазақстан халықаралық аренада өз позициясын нығайтып, қонақжайлылықтың өзіндік стилін дамытуда. Халықаралық мойындау – бұл отандық қонақжайлылық және гастрономия индустриясы өкілдерінің мақсатты жұмысының нәтижесі. Олар заманауи стандарттар мен ұлттық бірегейлікті сәтті ұштастырып отыр-, – деп атап өтті «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.
Tatler Best сыйлығының лауреаттарын іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Оған бүкіл аймақтан қонақжайлылық саласының 700-ден астам сарапшысы қатысады. Қазылар құрамында Tatler редакциялық топтары, танымал аспаздық сыншылар, халықаралық журналистер және саланың кәсіби мамандары бар. Бағалау барысында гастрономия бойынша әлемдегі ықпалды сарапшылардың пікірі ескеріледі.
Атап өткен жөн, биыл екі қазақстандық мекеме беделді «The World’s 50 Best» жаһандық рейтингінің «50 Best Discovery» тізіміне енді.
Осыған дейін Қазақстанның медициналық туризмді дамытатыны туралы жаздық.