Қазақстан алғаш рет Дүниежүзілік мұра комитетіне мүше болып сайланды

АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарт - 19 қарашада ЮНЕСКО штаб-пәтерінде мемлекеттердің Бас Ассамблеясы аясында Дүниежүзілік мұра комитетінің мүшелері сайланды. 12 бос орынға 22 кандидат ұсынылды. Табысты жүргізілген кампанияның, белсенді жұмыстың нәтижесінде дауыс берудің қорытындысы бойынша ЮНЕСКО және оның түрлі органдарының аясында Қазақстан алғаш рет 2013-2017 жылдары Дүниежүзілік мұра комитетіне мүше болып сайланды. Бұдан басқа, Түркия, Вьетнам, Корея Республикасы, Ливан, Перу, Польша, Португалия, Филиппин, Финляндия, Хорватия және Ямайка елдері де комитетке мүше болды. Бұл туралы astana.gov.kz сайты хабарлап отыр.

Сайттың мәліметінше, Қазақстан 1994 жылдан бері Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау конвенциясының қатысушысы болып табылады. Қазіргі уақытта Конвенцияға 190 мемлекет кірген. Аталған Комитеттің жұмысына қатысу еліміз үшін мәдени және табиғи мұраны қорғау саласындағы озық халықаралық тәжірибемен танысуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде, айтарлықтай мәдени және тарихи мұраға ие бола тұра республикамыз Комитеттің жұмысына өз үлесін қоса алады.

Еліміздің танымал мәдени және тарихи үш ескерткішінің - Қожа Ахмет Яссауи кесенесі (2003 ж.), Тамғалы археологиялық ландшафтының петроглифтері (2004 ж.), сондай-ақ, «Сары-Арқа - Солтүстік Қазақстанның далалары мен өзендері» аталымы аясында Қорғалжын және Наурызым қорықтарының (2008 ж.) ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енуі - Қазақстан мен ЮНЕСКО-ның бұл саладағы өзара іс-әрекетінің нәтижесі болып табылады.

Дүниежүзілік мұра комитетіне екі жылда бір рет мемлекеттердің Бас Ассамблеясында сайланатын 21 ел мүше болады. Жыл сайын Комитет кезекті сессияларын өткізеді. Шара барысында Дүниежүзілік мұра тізіміне қабылданатын жаңа кандидатуралар бойынша шешімдер қабылданады, тізімге енгізілген нысандардың жағдайы туралы есептер тыңдалады және нысандарды одан әрі қорғау бойынша қатысушы мемлекеттерге ұсыныстар жасалады.

Қазіргі уақытта Дүниежүзілік мұра тізіміне әлемнің 160 елінің 981 нысаны енген.