Бұл іс-шара — авиациялық қауіпсіздік пен киберқауіпсіздік саласындағы негізгі халықаралық іс-шаралардың бірі. Қазақстан алғаш рет әлемнің түкпір-түкпірінен мемлекеттердің авиациялық билік органдары мен авиация саласының өкілдері жиналатын жаһандық форумды өткізу алаңына айналады.
Қазақстан авиациялық қауіпсіздік көрсеткіші бойынша (95,7%) әлемнің ТОП-20 елі қатарына кіреді және қазіргі уақытта осы көрсеткіш бойынша Орталық Азия өңірінде көш бастап тұр.
— ИКАО-ның Қауіпсіздік апталығына қатысу үшін ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келеді. Іс-шараға сондай-ақ Бразилия, Мажарстан, Италия, Канада, БАӘ, Португалия, АҚШ, Таиланд, Франция, Эфиопия және басқа да мемлекеттердің жоғары лауазымды өкілдері, сондай-ақ БҰҰ, AFCAC, LACAC, IATA, ECAC және GEA сияқты ірі халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады, — делінген хабарламада.
ИКАО-ның 2026 жылғы Қауіпсіздік апталығы аясында қатысушылар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің дамуына, киберқауіптердің өсуіне, ұшқышсыз әуе кемелерінің таралуына, сондай-ақ қарулы қақтығыстар мен геосаяси тұрақсыздықтың салдарына байланысты тәуекелдерді басқарудың заманауи тәсілдерін талқылайды. Инновациялар мен жаңа технологиялар, кадрларды дамыту және авиациялық қауіпсіздік жүйелерін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Қауіпсіздік апталығы барысында Астана авиациялық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша халықаралық диалог алаңына айналады. Іс-шараның ауқымы мен оған қатысатын өкілдердің жоғары деңгейі оның әлемдік авиация саласы үшін айрықша маңызға ие екенін көрсетеді. Сонымен қатар, бұл Қазақстанның жаһандық авиация қоғамдастығының белсенді қатысушысы ретіндегі халықаралық беделін нығайтып, азаматтық авиация қауіпсіздігін қамтамасыз етудің болашақтағы тәсілдерін қалыптастыруға қосатын үлесін арттырады.
Авиациялық қауіпсіздік апталығы (Aviation Security Week) 2001 жылдан бастап өткізіліп келеді. Бұл бастама ИКАО-ның қолдауымен жаһандық деңгейде және АҚШ, Канада, Австралия, Үндістан, Африка елдері, Оман және басқа да мемлекеттерде ұлттық деңгейде жүзеге асырылады.
Бұған дейін Қазақстан авиациялық оқиғаларды тергеу саласында ИКАО тәжірибесін енгізетінін жазғанбыз.