Жарыс қорытындыларымен Қазақстан медальдар есебінде төртінші орын алды. Біздің құраманың қоржынында 1 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль бар.
Соңғы күні 15 мамырда татамиде ерлер 90 келіге дейінгі, 100 және 100 салмақ санаттарында айқасты, сондай-ақ қыздар да 78 келіге дейінгі және 78 келі салмақ санаттарында сынға түсті. 90 келіге дейінгі салмақ санатында финалдық ойындарға Дәулетхан Жақыпов жетті. Ол қола медаль үшін таласты, алайда словак Зганк Михаэльді жеңе алмай, бесінші орынды қанағат тұтты.
Қыздар арасында 78 келіге дейінгі салмақ санатында қазақстандық дзюдошы Альбина Амангелиева Аспанасты елінің спортшысы Жанг Жехуйге жол беріп, күміс медальға ие болды.
Жарыстың алғашқы күні ерлер 60-қа дейінгі және 66 келі салмақтарда, ал қыздар 48, 52, 57 келі салмақ санаттарында сайысты.
Ерлер арасында 60 келіге дейінгі қазақстандық дзюдошы Рустам Ыбыраев финалға шықты, бірақ та итальяндық Элиосты жеңе алмай, екінші орынға ие болды. Өкінішке қарай, біздің спортшыларымыз Асхат Тельманов пен Айбек Имашев те өзбек спортшылармен айқаста қола медальға қол жеткізе алмады. Олар бесінші орынмен ғана шектелді. Осы салмақ санатында тағы бір спортшымыз Қылыш Еренғайыпов жақсы ойын өрнегін көрсеткенімен, жетінші орынды місе тұтты.
66 келіге дейінгі салмақта қазақстандық дзюдошы Жансай Смағұлов жапондық Маруями Жоширодан айласын асыра алмай, күміс медальді иеленді. Елдос Жұмақанов үшінші орынға ие болып, итальяндық Басиле Фабиодан басым түсті.
Қыздар арасынан бірден-бір «алтынға» Галбадрах Отгонцецег жеңіп алды. Финалдық айқаста ол Корея спортшысы Жеонг Бо Кеёнгті жеңіп кетті.
Гран-придің екінші күні ерлер 73 келіге дейінгі және 81 келілік салмақта , ал қыздар 63 келіге дейінгі, 70 келілік салмақта күш сынасты. Финалға 73 келіге дейінгі Дидар Хамза ғана жетті. Ол қола медаль үшін моңғол дзюдошысы Санжаргал Ниам-Очирмен айқасып, соңғы секундтарда жеңіске жетті. Санжаргал Ниам-Очир әлем чемпионатының және Олимпиадалық ойындардың қола жүлдегері екенін атап өткен жөн.
Өкінішке қарай, біздің қыздарымыз 63 келіге дейінгі және 70 келілік салмақ санаттарында жеңіске жете алмады.
Алматыдағы гран-приге әлемнің 83 елінен 400 спортшы қатысты.