Қазақстан Amazon LEO компаниясымен бірге спутниктік байланыс қызметтерін іске қосады

АСТАНА. KAZINFORM — Елде Starlink-ке балама жоба жүзеге асырылады. Бұл туралы Үкімет отырысында «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин мәлім етті.

Фото: Freepik

— Алдағы жылы «Қазақтелеком Аспан» бренді аясында Amazon LEO компаниясымен бірлесіп, спутниктік байланыс қызметтерін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл — Starlink-ке балама жоба. Үш жерүсті станциясын салып жатырмыз. Ақкөл мен Алатау қалаларында құрылыс басталды, Атырауда жұмыстар келесі жылға жоспарланған, — деді Бағдат Мусин.

Оның айтуынша, бес жыл ішінде шалғай аумақтардағы 120 мыңнан астам үй шаруашылығы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді. Бұл ретте қызметтер бағасы баламалардан төмен болады.

Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін 3G-ден толық бас тартады.