«Бірінші кезекте біз халықты қоныстандыру, осы бағыттағы қалыптасқан үрдісті, сондай-ақ демографиялық мәселелерді талқылауға мән береміз. Атап айтқанда ҚР Мемлекет хатшысымен біздің қор айналысатын барлық маңызды тақырыптарды қамтымақпыз», - деді Н. Ботев.
Ол, сонымен қатар, аналар денсаулығын қорғау мәселелеріне тоқталды. Директордың сөзіне қарағанда, соңғы төрт жылда Қазақстан бұл бағытта жақсы көрсеткіштерді байқатып отыр. «2009 жылдан 2013 жыл аралығында Қазақстанда аналар өлім-жітімінің айтарлықтай төмендеуі орын алды», - деді ол.
Н. Ботев ҚР Үкіметі бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыруға қауқарлы екенін, аналар өлімі-жітімін төмендетуде еуропалық елдердің деңгейіне барынша жақындауға мүмкіндігі мол екендігін атап өтті.
Кездесу барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова ұйыммен бірлескен шаралардың нәтижесінде нәресте және аналар өлім-жітімі төмендегенін атап өтті. «Егер де 2008-2009 жылдары жүз мың анаға шаққанда өлім-жітім саны 36,8 болса, соңғы жылда бұл көрсеткіш 11,5-ті құрады. Әрине, алда атқаратын әлі де көптеген жұмыстар бар», - деді Мемлекеттік хатшы.