Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Теміржан Рамазановтың айтуынша, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Абай облысының төрт тұрғыны ұсталған. Тергеу мәліметінше, олар алдын ала сөз байласып, жүк пойыздарының контейнерлеріне бірнеше рет заңсыз кіріп, ноутбуктер мен ойын приставкаларын ұрлаған.
— Былтыр мамыр айында Жетісу облысындағы Торпалды станциясында Қытай — Польша бағытымен келе жатқан контейнерден 1 019 ноутбук ұрланған. Кейін ұрланған техниканың бір бөлігі Алматыда сатылған. Ұрлық салдарынан жүк тиесілі компанияларға жалпы сомасы 632,9 млн теңге көлемінде материалдық залал келтірілді, — деді Теміржан Рамазанов.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында көлік полицейлері қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп, ұрланған техниканың бір бөлігін тәркіледі. Қылмыстық іс бойынша фигуранттардың кінәсі толық дәлелденді.
— Жетісу облысы Алакөл аудандық сотының үкімімен төрт сотталушы аса ірі мөлшерде ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оларға 6 жыл 7 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, — деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін Атырауда «Хакер Атырау» лақап атымен танылған Нұрлан Жаңбырбаевқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатқанын жазған едік. Оған бірнеше мәрте алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр.