Қазақстан арқылы автомобиль көлігімен өтетін транзиттік жүктер 2020 жылы 3 млн тоннаға дейін артады - Ә.Исекешев
Аталған келісім 2014 жылы Душанбе қаласында жасалған. Заң жобасының басты мақсаты - ШЫҰ мемлекеттері арасында автомобиль қатынастарын дамыту, сонымен қатар өзара тиімді жүк тасымалдарын қалыптастыру. Бұл ретте құжат ШЫҰ мемлекеттері арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары үшін қолайлы жағдай жасап, оны дамыту үшін тараптардың күш-жігерін үйлестіруді қарастырады. Бұдан бөлек, келісім аясында халықаралық автомобиль тасымалдарына қатысты тараптардың құжаттамасын, рәсімдері мен талаптарын жеңілдету және үйлестіру шаралары қамтылады. «Құжатта Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан арасында экспортталатын тауарлардың рұқсат жүйесі негізінде келісілген бағыттар бойынша жүк тасымалдау көзделген. Келісім аясында 6 бағыт айқындалған, олардың 4-уі Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Әрбір маршрутты ашу мерзімі бекітілген әрі олардың мерзімі 2020 жылдан кешіктірілмейді. Келісім күшіне енгеннен кейін ұйымға мүше мемлекеттердің тасымалдаушылары бекітілген бағыттар бойынша тасымалдарды жүзеге асыруға, соның ішінде Қытайдың шығыс бөлігінен Батыс Еуропаға дейін жүк тасуға мүмкіндік алады», - деді министр. Оның айтуынша, келісім қабылданған жағдайда Қазақстан арқылы автомобиль көлігімен өтетін транзиттік жүктердің көлемі 2020 жылдан бастап, 3 млн тоннаға дейін артатыны күтіледі. «Келісім Қазақстан тасымалдаушыларының бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сонымен қатар, қазір Қазақстанның үлесі отыз бес пайыз шамасында болса, біз жақын аралықта бұл үлесті елу пайызға жеткізуді көздейміз. Ал келісімнің тиімділігі тасымалдаушылар үшін жаңа бағыт ашылуына. Бұрын біздің қазақстандық тасымалдаушыларды Қытай билігі Үрімшіден ары қарай жібермейтін. Ал мына келісім біздің тасымалдаушыларды Қытайдың Ляньгянь портына дейін баруын қамтамасыз етеді», - деді Ә. Исекешев. Сенат талқылаудан соң аталған келісімді қабылдау туралы шешім шығарды.