«Қазақстан аруы – 2023» байқауының жеңімпазы анықталды

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Алматыда «Қазақстан аруы – 2023» ұлттық сұлулық байқауы аяқталды. Байқауда бас жүлдені 21 жастағы Сабина Ыдырысова жеңіп алып, осы жылдың «Қазақстан аруы» атанды, деп хабарлайды Kazinform.

Биылғы байқау экологияны қорғау аясында «Болашақты аяла» - «Защити будущее» ұранымен өтті. Байқаудың финалдық кезеңіне кастингтерден және жартылай финалдың нәтижесінде іріктеліп шыққан 25 қыз қатысты. Олардың арасында өңірлік іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары да болды.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Байқауға қатысушы аруларға келесідей негізгі талаптар қойылды: жастары 18-25 арасында болуы, бойлары 165 см-ден кем болмауы, ҚР азаматы, тұрмыс құрмаған әрі балалы болмауы тиіс.

Байқауға баға беретін әділқазылар құрамында: «Қазақстан аруы» ұлттық сұлулық байқауының президенті Айдай Исаева, «Қазақстан аруы – 2022» байқауының жеңімпазы Томирис Какимова, спортшы әрі актер Еркебұлан Тоқтар, блогер, актриса Жания Джуринская, қырғыз дизайнері Арзубек Вонама, кәсіби модель Анжела Пересыпкина болды.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Финалдық кезең бірнеше байқаудан тұрды. Қатысушылар түрлі киімдер мен бейнелерде жеке және топтық дефиле көрсетті, кейін сұрақтарға жауап берді. Әділқазылар алдымен 25 қатысушының ішінен топ-12 қызды анықтады, осыдан кейін ең үздік 5 қызды анықтады.

«Қазақстан аруы» атағы мен «Әлем аруы» байқауына жолдаманы 21 жастағы Сабина Ыдырысова жеңіп алды. Оған сондай-ақ 5 млн теңгенің сертификаты табысталды.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

«Қазақстан ғалам аруы» тәжі мен «Әлем аруы» байқауына жолдама 23 жастағы Мадина Әлмұхановаға берілді.

«Қазақстан жер аруы» атағы мен «Жер аруы» байқауына жолдама 20 жастағы Аяулым Алимхалиеваға берілді.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Ботагөз Нұржігітова «Қазақстан вице-аруы – 2023» атанды.

Сайтта дауыс беру арқылы көрермен көзайымы сыйлығының иегері Аделина Багумбаева болды.

Еске салсақ, өткен жылы 24 жастағы астаналық Томирис Кәкімова «Қазақстан аруы» атанған еді.