«Қазақстан аруы-2015» байқауын ұйымдастырушылар арнайы тосынсыйлармен қуантпақ (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - 10 желтоқсанда Астананың Бейбітшілік және келісім сарайында қазылар мен көрермендер Қазақстанның ең сұлу аруын таңдайтын байқауға қызу дайындық жүріп жатыр, деп хабарлайды misskazakhstan.kz.

2015 жылы байқауды ұйымдастырушылар көптеген тосынсыйлар даярлап қойды. Көрермендер отандық дизайнерлер мен әртістер қатысатын таңғажайып думанға тәнті болады. Бас қоюшы режиссер әйгілі актер, продюсер Максим Акбаров. «Биыл «Қазақстан аруы-2015» байқауы Астананың Бейбітшілік және келісім сарайында I LOVE ASTANA деген ұранмен өтеді. Қатысушыларға арналған, жас та болса керемет астанамыздың әсемдігіне арналған костюмдердің арнайы топтамасы жасалды, ол - Астананың ғимараттары, монументтерінің суреттері бар көйлектер, бұл Астананың көріктілігін бейнелейді. Оларды өзіміздің отандық дизайнерлер дайындайды. Нөмірлердің біреуі Қазақстан халық Ассамблеясымен байланысты. Әсерлі әрі көңіл көтеретін думан болады», - деп бөлісті Максим Акбаров. Іс-шараны Қазақстандағы тележүргізуші Динара Сәтжан және актер Тәуекел Мүсілім жүргізеді. «Осындай сұлулық мерекесінің бір бөлшегіне айналарыма өте қуаныштымын. Қатысушылардың бәріне күш-қуат, төзімділік тілеймін. Сіздер үшін бұл байқау естен кетпейтін оқиғалардың бірі болсын. Баршаңызға сәттілік!», - деді Мүсілім. Думанның меймандары халықаралық байқаулардың лауреаты «Rin'go» және ресейлік «Басты сахна» шоуына қатысушылар - «The Jigits». Ал «Славянский базар-2015» байқауының жеңімпазы Димаш Құдайбергенов және «Жаңа толқын-2015» байқауының лауреаты Әдемі халықаралық аренада жеңіске жетелеген әндерін шырқамақ. Сондай-ақ Әдемі Ренат Ғайсиннің өзіне арнап жазған «Құстар» композициясын орындап береді. «Арулардың бәріне өздеріңе сенімді болыңдар дегім келеді, батылдық пен күйзеліске төтеп берер төзімділік тілеймін. Бұл қасиеттер болмаса, байқауларда бақ сынау өте қиын. Өз басым ылғи жеңіске жететініме сенімді боламын, менің артықшылығым да осы. Сұлуларымызға тек сәттілік тілеймін. Осы аруларымыздың арқасында біздің керемет елімізді күллі әлем білетін болады», - деп бөлісті Димаш Құдайбергенов. Титулы бар қатысушылар 20 қарашада елордада бас қосып, ақтық думанға дайындықты бастайды. Олар үшін «Сұлулық пен қайырымдылықтың үйлесімі!» деген ұранмен өткізілетін әлеуметтік, спорттық, қайырымдылық іс-шаралар жоспарланған. 2015 жылы жеңімпазға арналған ақшалай жүлде бес миллион теңге көлемінде болады деп бекітілгенін атап өткен жөн. Жеңімпаз ақшалай жүлдемен қатар «Алтын Орда» авторлық дизайн үйі шеберлерінің қолымен жасалған қазақтардың дәстүрлі этножасауының иегері атанады. «Шығыс рапсодиясы» топтамасы қазақ халқының салт-дәстүрін қолөнер «тілінде» айқын көрсеткен. Топтамаға «Махаббат көрпесі» жиынтығы, сандықтар, «Бедерлі өрнектер» жастығы, сондай-ақ дәстүрлі дастархан кіреді. Бұл дүниенің бәрін ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртуға бел буған дизайнер Ырза Тұрсынзада ұсынып отыр.