Қазақстан арзан жанар-жағар май құятын стансаға айналды - Ұзақбай Қарабалин

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан барлық Еуразиялық кеңістік үшін көлікке арзан жанар-жағар май құятын стансаға айналды, деп есептейді ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин.

«Менің ойымша, уақыт өте баға көтерілуі тиіс. Жанымыздағы 30-40 елдің ішіндегі ең арзан жанар-жағар май бізде екені сіздерге белгілі. Қазақстан бүгінде - еуразиялық кеңістікте ең арзан жанар-жағар майы бар мемлекет. Біздің аумақпен өте көлемді жүк көліктері өтеді, барлығы Қазақстан шекарасына жетіп, мұнда көліктерін жанар-жағар майға толтырып шығаруды қалайды. Жүк көліктеріне тоннаға дейін жанар-жағар май құйылатынын айтпаса да болатын шығар. Қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз» ҰК Үкіметтің тапсыруымен жанар-жағар майды сатып алып, оны арзан бағамен сатуда. Осылайша шығындалып жатыр. Бұл қашанғыға дейін жалғасады? Меніңше, уақыт өте баға өсуі тиіс», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Ұ.Қарабалин.