Қазақстан асыл тұқымды қойларды Моңғолияға экспорттайды

АСТАНА. КAZINFORM — ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының м. а. Самат Төлегенов Моңғолия ветеринария бас басқармасының өкілдері Батсух Басаан және Дэлгэрмаа Басаанмен кездесті.

Фото: Pexels

Кездесу барысында ветеринария саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелері, соның ішінде Қазақстаннан Моңғолияға асыл тұқымды қойларды экспорттау мәселесі талқыланды.

Фото: АШМ

Осы жылдың тамыз айында екі елдің ведомстволары экспорталатын тауарлық және асыл тұқымды қойлар мен ешкілерге арналған ветеринариялық сертификатты келіскен болатын. 

Қыркүйек айының басында Моңғолия өкілдері Түркістан облысының шаруашылықтарына ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкестігі бойынша тексеріс және тәуекелдерді бағалау жүргізді.

Ветеринариялық қызметтің құрылымы мен елде жүргізіліп жатқан ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар оң бағаланды.

Фото: АШМ

Сондай-ақ, тараптар ветеринарлық бақылау және бағалау комитеті мен Моңғолияның бас ветеринария басқармасы арасында өзара ынтымастық туралы жаңа меморандум жобасын талқылап, ветеринариялық мамандар мен ұлттық ветеринариялық зертханалар қызметкерлері арасында тәжірибе алмасуға келісті.