Қазақстан әскері Әзербайжанда жаттығу бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжанда Қазақстанмен бірлескен «Тарлан-2025» оқу-жаттығу жиыны басталды. Бұл туралы Kazinform Әзербайжан Қорғаныс министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқу-жаттығу жиыны арқылы екі елдің Қарулы Күштері ұшқышсыз ұшатын аппараттарды (әскери мақсаттағы дрон – ред.) қолдану бағытында тәжірибе алмаспақ.
Іс-шараның ашылу рәсімі Отан қорғау жолында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Бұдан кейін Қазақстан мен Әзербайжанның мемлекеттік әнұрандары шырқалды.
Іс-шарада сөз алған қос тараптың әскери басшылары бірлескен операциялардың аймақтық қауіпсіздік пен әскери әріптестікті нығайтуда маңызы зор атап өтті.
Салтанатты бөлімнен кейін жеке құрам бекітілген сценарий бойынша кезең-кезеңімен тапсырмаларды орындауға кірісті.
Оқу-жаттығу жиыны 10 шілдеге дейін болады. Іс-шараны екі тарап та қорғаныс саласындағы өзара ынтымақтастықты дамытудың маңызды қадамы ретінде бағалап отыр.
Бұл жиын Қазақстан мен Әзербайжан қорғаныс министрліктері арасындағы 2025 жылға арналған ынтымақтастық жоспарына сәйкес өтіп жатқанын айта кету керек.
Еске салсақ, Қазақстанда FPV-дрон операторларын даярлайтын инновациялық оқу-жаттығу кешені жұмыс істеп тұр.