Қазақстан әскері биыл қандай бірлескен әскери жиындарға қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан әскерилері биыл екі халықаралық әскери жиынға қатысады. Бұл туралы ҚР Қарулы Күштері Бас штабы Жедел жоспарлау департаменті бастығының орынбасары Дәурен Абдуллин орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл Белорусь аумағында оқу-жаттығу жиындары жоспарланған. Дәл осы оқу-жаттығу жиындары былтыр ҰҚШҰ-ның бірлескен әрекеттер жоспары аясында Қазақстан аумағында өткен болатын. Биылғы жиынға біздің Қарулы Күштерден жеке құрамның 80-ге жуық контингенті тартылады. Одан бөлек, көршілес Қырғыз Республикасы аумағында «Мызғымас бауырластық» оқу-жаттығу жиындарына да жеке құрамның 130 адамы, 30-ға дейін әскери техника тартылады», - деді ол.

Қарулы Күштер полковнигі «Батыл тойтарыс» жиыны биыл қыркүйек айында өтетінін айтты.

«Қалған жиындар Қазақстанның өз ауымағында, өзіміздің жаттығу полигондарымызда өтеді. Олардың ішіндегі ең ірілерінің бірі – «Батыл тойтарыс» кешенді ведомствоаралық стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы. Ол биыл қыркүйек айына жоспарланған. Оның аясында «Шығыс-2023» жедел-тактикалық оқу-жатытғу жиындары өтеді», - деді Дәурен Абдуллин.

Ал Бас штаб бастығы - ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Қаныш Әбубәкіровтің сөзінше, Қазақстан әскерилері биыл да бірнеше бітімгерлік жиынға қатысады.

«Біздің Қарулы Күштер оқу-жаттығу жиындарынан бөлек бірлескен бітімгерлік жиындарға қатысады. Олардың ішінде Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Италия, Түркия, Үндістан және Өзбекстан сияқты елдер бар. 10 жылдан асты, бітімгерлік жиындар аясында «Дала бүркіті» оқу жаттығу-жиындары өтіп келе жатыр. Сондай-ақ, біз «Кембридж патрулі» дейтін барлаушылар оқу-жаттығу жиындарына қатысамыз. Бұлардың бәрі әскерилердің білім-білігін арттырып, өзге елдердің озық тәжірибесін алмасуға бағытталған», - деді Бас штаб бастығы.