Қазақстан әскері қазақ тілін оқытудың ең мықты ортасы болып отыр

АСТАНА. Шілденің 26-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгінде Қазақстан әскері қазақ тілін оқытудың ең мықты ортасы болып отыр.

Бұл туралы бүгін Үкіметте Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өтіп жатқан Тілдірді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылауға арналған кеңейтілген мәжілістің отырысында ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлім етті.

«Кеңес одағы заманында әскер орыс тілді оқытудың, үйретудің ортасы болатын. Ауылдан бір ауыз орысша білмейтін балалар әскерге келіп, жақсы меңгеріп алатын. Ал қазіргі кезде әскер қазақ тілін оқытудың ең бір мықты ортасы болып отыр. Себебі бар», - деді министр.

Қазақстандағы халықтың 60 пайыздан астамы қазақ халқы екеніне тоқталған министр, «соның ішінде жасыратыны жоқ қолында мүмкіндігі бар, қолы ұзын қазақтар балаларын оқуға түсіріп, шетелге жібереді. Оқуға түскен бала әскерге бармайды. Атап айтқанда, нағыз ауылда өскен балалар әскер қатарына қабылданады. Яғни, әскерге осы ауылдың балалары барады және 20-ға дейінгі жастар арасындағы қазақтардың үлес салмағы қазіргі кезде 75 пайыз. Сонда олар әскерге келгеннен кейін, өздерінің әріптестеріне, қатарластарына қазақша сөйлеуді талап етеді және қазақша үйретеді», деді.

Осыған байланысты М.Құл-Мұхаммед бүгінде әскерге барған өзге ұлт өкілдері мен қаладан барған кейбір қазақ балалары әскерден қайтқан кезде қазақ тілін өте жақсы меңгеретінін айтып өтті.