Қазақстан әскері ТМД-да көшбасшылардың үштігінде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан әскері ТМД елдері арасында ең мықтылардың бірі болып табылады. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов осылай мәлім етті, деп  хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еліміздің Қарулы күштерінің дайындығы деңгейі қойылып отырған талаптарға сай келеді. Рейтингке тоқталатын болсақ, онда халықтың саны мен мобилизациялық ресурстар ескерілді. Әрине, Өзбекстанда халық саны 30 миллионнан асады, ал бізде 17 миллионнан астам. Осы ретте мобилизациялық ресурстар бірнеше есе аздау. Біз өзіміз мүмкіндіктерімізді бағалаймыз.Біз посткеңестік кеңістік аумағында ТМД елдері арасында Ресей мен Украинадан кейін көшбасшылардың үштігіне еніп отырмыз»,-деді министр Мәжілістегі Үкімет сағаты барысында.

Айта кетейік, Үкімет сағаты брасында Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко шетелдік сарапшылар Қазақстан әскеріне берген бағасын жариялады.

«Шетелдік сарапшылар қазақстандық әскерді Орталық Азия өңірінде екінші әскер деп атады. Бұл 126 елді қамтыған жаһандық рейтинг. Өзбекстан 54-ші орында, Қазақстан 66-шы орында тұғырланды»,-деді Божко.

Оның сөзіне қарағанда, соңғы бес жылда әскери техниканы алуға, жетілдіруге және жөндеуге  шығындар 3,5 есеге артты. Әскери авиацияның, броньды танк қару-жарағының жаңа түрлері жеткізілуде.