Парадты қабылдау барысында сөз сөйлеген Елбасы ең алдымен барша жұртшылықты Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күнімен құттықтады. «Қымбатты отандастар! Құрметті сардарлар мен сарбаздар! Отан қорғаушылар күні және Ұлы Отан соғысының 70 жылдығы баршамызға құтты болсын!», деді Н. Назарбаев. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы осыдан 23 жыл бұрын дәл осы күні Қазақстанның Қарулы Күштері құрылғанын, бүгінде ол кәсіби сарбаздар мен заманауи жарақтардан тұратын айбынды армияға айналғанын жеткізді.
«Біздің әскеріміз ұлан-ғайыр даламыздың әрбір қадам жерін қапысыз қорғауға қабілетті. Біз бабаларымыздың ерлік жолын қастерлеп, елдік жолын жақтаған ұрпақпыз. Қанымызға сіңген қастерлі борышты антына адал ерлеріміз қазір де абыроймен атқаруда. Ер азамат үшін туған жердің тұтастығын, туған елдің тыныштығын күзетуден асқан абырой болмаса керек! Сіздердің қызметтеріңіз ел Тәуелсіздігінің және халқымыздың болашақ сенімінің кепілі», - деді ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы.