Қазақстан әскерилері ТМД елдерінің алғашқы әскери-спорттық ойындарында қорытынды медальдарды есептеуде ІІ орын иеленді (ФОТО)

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ТМД елдері достастық армияларының бірінші әскери-спорттық ойындарының соңғы қорытындысы шығарылды. Медальдарды қорытынды есептеуде әскерилеріміз Беларусь спортшыларын 11 қола медальға оза шауып, екінші орынға көтерілді.

Алдын ала командалық есепте ҚР ҚК командасы үшінші орында болатын, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.

Осылайша, қазақстандық армия құрамасы ТМД елдері достастық армиясының алғашқы әскери-спорттық ойындарында Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Армения спортшыларын артта қалдырып, ресми түрде екінші орынды иеленді, 49 медальді қанжығасына байлады, яғни 7 алтын, 18 күміс және 24 қола медаль.

Елімізге жүлделі орынды ҚР ҚМ Армия орталық спорт клубының дәрежелі әскери спортшылары әкелгенін айта кеткен жөн. Олар қазақстандық әскери спорттың жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сайыстардағы жоғары марапаттарды жүзушілер, дзюдошылар, армиялық қоян-қолтық ұрыста, гір спортында, офицерлік үшсайыс пен штаттық қарудан оқ атуда өнерлерімен тәнті еткен спортшылар иемденді.

ТМД елдері достастық армиясының бірінші әскери-спорттық ойындарына барлығы алты елдің 300-ден астам әскери қызметшісі қатысты. Алты күн бойы 10 спорттық алаңда олар жылдамдық, дәлдік, ептілік, күш пен төзімділік жағынан мықтыларды анықтады. 85 жиынтық медаль және 10 кубок ұтысқа тігілді.