Қазақстан әскерінің спортшылары олимпиада ойындарының жолдамаларын иеленді

АСТАНА. 17 наурыз. ҚазАқпарат - Армия спортшылары олимпиада ойындарына жолдама алды.

«Жақында армия спортшыларының 2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарында, 5-ші Дүниежүзілік армия ойындарында, НАТО елдері мен серіктестерінің армия командалары арасындағы 48-ші «SHAPE-2011» баскетболдан халықаралық жарыста жарқын жеңістеріне куәгер болған едік.  Қазақстан армиясының спортшылары имидждік іс-шараларда - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің кубогына таэквандо мен муайтайдан және жыл сайынғы Кеңес Одағының батыры, «Халық қаһарманы» армия генералы С. Нұрмағамбетовтің жүлделеріне бокстан халықаралық турнир, сондай-ақ, басқа да халықаралық және республикалық жарыстарда тамаша жетістіктерге жеткен болатын», - делінген ҚР Қорғаныс министрлінің мәліметінде.

Биыл, Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің 20 жылдық мерейтойы қарсанында армияшылар үлкен жетістіктерге жетіп, маңызды спорттық іс-шараларға мақсатты дайындала бастады.  Оңтүстік Кореядағы Азия чемпионатында биатлоннан шеберлік көрсеткен - қатардағы жауынгер Галина Окольздаева 7,5 шақырымдық жарыста алтын алса, 15 шақырымдық жарыста күміске ие болды, ал эстафетада 2-ші орынды қатардағы жауынгер Анна Кистанова иеленді. 10 шақырымдық жарыс пен эстафетада ефрейтор Николай Брайченко екі рет күміс жүлдегер болды. 

Алматыда қысқы біріншілікте «АОСК» ҚР ҚК футболдан құрама командасы жеңіске жеткен еді. Гумми қаласындағы (Оңтүстік Корея) грек-римдік, еркін және әйелдер арасындағы күрестен Азия чемпионатында келісімшарт бойынша сержант Елена Шалыгина бірінші орынға ие болды. Баскетболдан жоғары лиганың ерлер командасы арасында ҚР чемпионатындағы үш турдың қорытындысы бойынша «АОСК» ҚР ҚК құрама командасы 3-ші орынды алды. «Әлем шеберлері» кубогына дзюдодан жарыста келісімшарт бойынша қатардағы жауынгер Гүлжан Исанова қола медальді ұтты. Ал Ғ.Жарылғаповтың құрметіне халықаралық жарыста ҚР ҚК бокстан құрама командасы екінші орынды иеленді. 

Бүгінгі таңда ҚР Ұлттық құрамасындағы армияшылар Лондонда (Ұлыбритания) өтетін 2012 жылғы 30-шы жазғы Олимпиада ойындарына белсенді даярлануда және қазіргі кезде қорларында 12 лицензия бар (жалпы 62 лицензия ішінде 19% құрайды).