Жиынға халықаралық ұйымның басшылығы мен ұлттық федерациялардың делегаттары қатысты. Министр Қазақстанда конгрестің өтуі халықаралық спорт қоғамдастығының елге деген сенімінің белгісі екенін атап өтіп, алдағы әлем чемпионатын жоғары деңгейде өткізуге күш салынатынын айтты.
Ербол Мырзабосынов өз сөзінде күрестің қазақ халқы үшін айрықша маңызына және өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі рөліне тоқталды.
-Күрес – халқымыздың мәдениетінде тамыры терең әрі бай дәстүрі бар спорт түрі. Ол төзімділікті, сабырлықты және қарсыласқа деген құрметке тәрбиелейді. Қазақ палуандарының жетістіктері – еліміздің мақтанышы әрі жас спортшыларға үлгі. Біз күресті дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударамыз, – деді Ербол Мырзабосынов.
Министр алдағы әлем чемпионатын өткізу мәселесіне де тоқталып, UWW президенті Ненад Лаловичке, ұйым басшылығы мен ұлттық федерацияларға көрсеткен сенімі мен қолдауы үшін алғысын білдірді.
-Ертең Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионаты басталады. Қазақстан үшін бұл – үлкен жауапкершілік. Біз әлемнің ең мықты палуандарын лайықты қарсы алып, жарысты жоғары деңгейде өткізу үшін бар күшімізді саламыз, – деді министр.
Конгрестің күн тәртібіне UWW президенті мен Бюро мүшелерін сайлау, ұйымның 2024–2026 жылдардағы қызметінің қорытындысын шығару, қаржы есебі, төрешілер мәселесі, 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындық және іріктеу жүйесі енгізілген.
Конгрестің басты тақырыптарының бірі – Халықаралық күрес федерациясының 2026–2032 жылдарға арналған жаңа стратегиясы. Онда жастар мен мектеп спортын дамыту, әйелдер күресінің мүмкіндіктерін кеңейту, білім беру бағдарламаларын жетілдіру, маркетинг пен коммерция бағытын күшейту, сондай-ақ басқару тиімділігін арттыру қарастырылған.
Айта кетейік, ересектер арасындағы грек-рим, еркін және әйелдер күресінен әлем чемпионаты 24 қазан мен 1 қараша аралығында өтеді.
Осыған дейін күрестен Астанадағы әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын спортшылардың тізімі жарияланды.