Қазақстан астығы скандинавиялық нарыққа шығуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Швеция агроөнеркәсіптік кешен саласындағы байланыстарды нығайтып жатыр. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің вице-министрі Ербол Тасжүреков бастаған делегация ауыл шаруашылығы ғылымы, технологиялар, білім беру және сауда саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Швецияға жұмыс сапарымен барды.
Қазақстан тарапынан еліміздің Швециядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Олжас Сүлейменов, сондай-ақ С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Егіншілік және өсімдік шаруашылығы институтының өкілдері қатысты.
Жұмыс бағдарламасы аясында Швеция ауыл шаруашылығы ғылымдары университетінің (SLU) және RISE зерттеу институтының басшылығымен кездесулер өтті.
Вице-министр халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, тұрақты ауыл шаруашылығы тәжірибесін енгізу және «ақылды егіншілікті» дамыту үшін спутниктік мониторинг, ылғал өлшегіштер, дрондар мен пилотсыз техниканы қолданудың өзектілігіне назар аударды.
Тараптар бірлескен ғылыми зерттеулерді, тағылымдамаларды, сондай-ақ цифрлық және биотехнологияларды енгізу мүмкіндіктерін талқылады. SLU мен ҚазАТУ арасындағы табысты серіктестікке ерекше көңіл бөлінді. Соның нәтижесінде қазақстандық докторанттар Швецияда тағылымдамадан өтіп, осы елдің оқытушылары ғылыми тәлімгерлікке қатысуда.
Ал «Trade Scandinavia» компаниясының бас директоры Дан Олссонмен кездесу барысында Қазақстан астығын скандинавиялық нарыққа экспорттау туралы айтылды.
— Қазақстан әлемдегі негізгі бидай экспорттаушылардың алғашқы ондығына кіреді және ұн экспорты бойынша алдыңғы қатарда тұр. Қазақстанның 24 млн гектардан астам егістік алқаптары, рекордтық өнімдері мен тасымалдауды субсидиялау бағдарламалары Еуропа нарығында бәсекелестік тұрғыдан артықшылықтарға ие. Біз ЕО-мен, соның ішінде Швециямен жүйелі сауданы дамытуға мүдделіміз, — деді Ербол Тасжүреков.
Швецияның Ауыл және орман шаруашылығы корольдік академиясында өткен дөңгелек үстел отырысында елдің ғылыми және іскерлік құрылымдарымен өзара іс-қимыл мүмкіндіктері талқыланды. Ғылым, білім және бизнестің интеграциясы талқылаудың негізгі тақырыбына айналды. Өзара диалог ынтымақтастықтың тәжірибелік маңыздылығын және тараптардың бірлескен жобаларды дамытудағы нақты қадамдарға дайын екенін көрсетті.
Жұмыс сапары соңында делегация Швецияның Ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым министрлігінің мемлекеттік хатшысы Даниэль Лильебергпен кездесті. Кездесуде сауда, аграрлық ғылым, цифрландыру, климаттың өзгеруіне бейімделу және су ресурстарын тұрақты басқару мәселелері талқыланды.
— Бұл сапар — біздің елдеріміз арасындағы жүйелі әрі ұзақ мерзімді диалогқа жасалған маңызды қадам. Пікір алмасу ынтымақтастықты нығайтудың, сауданы дамытудың және бірлескен жобаларды жүзеге асырудың негізіне айналатынына сенімдімін. Мұндай өзара іс-қимыл азық-түлік қауіпсіздігіне, инновацияларды енгізуге және Қазақстан мен Швецияның тұрақты дамуына ықпал етеді, — деп атап өтті Ербол Тасжүреков.
Айта кетелік Азық-түлік корпорациясы Қытаймен цифрлық арналарды іске қосу үшін келіссөз жүргізіп жатыр.