ҚТЖ мәліметінше, осы кезеңде астық экспорты да 10%-ға өсіп, 6,2 млн тоннаға жеткен. Ал ұнтақ өнімдерін тасымалдау көлемі 5%-ға артып, 1,6 млн тоннаны құрады.
2025–2026 маркетингтік жылы, яғни 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы шілдеге дейін теміржол арқылы барлығы 14,2 млн тонна астық тасымалданған. Бұл алдыңғы маркетингтік жылдың сәйкес кезеңінен 14%-ға көп.
Негізгі өсім Орталық Азия бағыттарында байқалды. Биылғы жеті айда Өзбекстанға 3,1 млн тонна астық жөнелтіліп, тасымал көлемі 47%-ға артты. Ауғанстанға 605 мың тонна астық жеткізілді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 4,5 есе көп.
– Қытай бағытында да тасымал көлемі өсіп келеді. Достық және Алтынкөл станциялары арқылы жеті айда 449 мың тонна астық жөнелтілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға артық. Бұл ретте астық таситын вагондардағы тасымал көлемі 17 есеге – 10 мыңнан 170 мың тоннаға дейін ұлғайды, – деп хабарлады ҚТЖ.
Компанияның мәліметінше, астық тасымалдауға қажетті жылжымалы құрам жеткілікті. 2026 жылғы тамыздағы жағдай бойынша теміржол желісінде 15 177 астық тасымалдаушы вагон бар. Оның 6 382-сі «Астық Транс» АҚ-ға тиесілі. Бұдан бөлек, жабық вагондар паркі 17 066 бірлікті құрайды. 2015 жылдан бері қазақстандық меншік иелері 2 578 астық тасымалдаушы вагон сатып алған.
Вагондармен жұмыс істеу нарығы 2014 жылдан бері либералдандырылған. Астық тасымалдаушы вагондар жүк жөнелтушілерге операторлармен тікелей жасалған шарттар негізінде беріледі. ҚТЖ бұл шарттардың тарабы болып саналмайды.
Сонымен қатар теміржол инфрақұрылымы да өсіп келе жатқан жүк ағынына бейімделіп жатыр. 2026 жылы 1 577 шақырым теміржол жөнделуде, оның 573 шақырымы күрделі жөндеуден өтеді. 2025 жылғы қыркүйекте Достық – Мойынты учаскесіндегі екінші жолдар пайдалануға берілді.
Жетіген – Алтынкөл учаскесі мен Алтынкөл станциясын жаңғырту жобаларының іске асырылуы аяқталып келеді. Бұл Қытай бағытындағы теміржолдың өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
Өткізу мүмкіндігін одан әрі кеңейту үшін Тобыл – Қандыағаш және Шалқар – Бейнеу учаскелерін жаңғырту, сондай-ақ Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желісін салу жобалары жүзеге асырылып жатыр. Бұл Каспий теңізі мен Орталық Азия елдерінің порттары бағытындағы пойыздар қозғалысын арттыруға жол ашпақ.
ҚТЖ алдағы маусымдағы негізгі тәуекелге де назар аударды. Қазан айында астық пен көмір тасымалының маусымдық шарықтау кезеңі бір уақытқа сәйкес келуі мүмкін. Осыған байланысты компания жүк жөнелтушілерді өтінімдерін алдын ала беруге, жүктерді біркелкі жөнелтуге және маршруттық тасымалды белсенді пайдалануға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Еуразияның азық-түлік хабына айналып келе жатқаны хабарланған болатын.