Қазақстан астығының экспорттық әлеуеті шамамен 15 млн. тоннаны құрайды - вице-министр

АСТАНА.  24 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - 2011-2012 маркетинг жылындағы Қазақстан астығының экспорттық әлеуеті шамамен 15 миллион тоннаны құрайды.

Бұл туралы бүгін елордада ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүслім Өміряев мәлім етті.

«2011 жылдың қыркүйек-желтоқсанындағы астық экспортының көлемі шамамен 4,2 миллион тонна болды және біздің болжам бойынша, 2011-2012 маркетинг жылындағы Қазақстанның экспорттық әлеуеті шамамен 15 миллион тонна астықты құрайды. Экспорттық мүмкіншілік аталған жоспарды орындауға мүмкіндік береді, дегенмен, астық тасымалдайтын вагондармен қамтамасыз ету мәселесі шектеуші фактор болып отыр», - деді ол.

Оның атап өтуінше, еліміздің астық тасымалдайтын вагондарының саны қазіргі таңда 5200 бірлікті құрайды. Бұл тасымалға жеткіліксіз. Сондықтан да «Қазақстан темір жолы» мемлекеттен тысқары жерлерден астық тасымалдайтын вагондарды жалға алуға мәжбүр.