Қазақстан астық экспортына шектеу қоймайды - АШМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан астық экспортына шектеу қоймайды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.

«Міне, 6 жыл болды, Қазақстан астық экспортына шектеу қойған емес. Бұдан ары да біз осы ұстанымда болмақпыз. Ешқандай шектеу болмайды. Бізде экспорттық сұраныс пен ішкі қажеттілікті толығымен өтеуге жеткілікті қор бар», - деді А.Мамытбеков.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы елімізде таза салмақта шамамен 19 млн. тонна астық бастырылған болатын. Оның 9 млн-ға жуығын экспортқа шығару көзделуде. Бұл өткен маркетинг жылымен салыстырғанда 1,9 млн. тоннаға артық.