«Қазақстан - атажұртым, қасиетім - ана тілім» Х халықаралық қазақ тілі мен әдебиеті пәндері олимпиадасының қорытындысы жарияланды

АСТАНА. 30 маусым ҚазАқпарат - «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университетінің Жамбыл атындағы концерттік залында «Қазақстан - атажұртым, қасиетім - ана тілім» Х халықаралық қазақ тілі мен әдебиеті пәндері олимпиадасының қорытындысы жарияланды.

Бұл туралы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығынан хабарланды.

Жиын барысында Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Ж.Жонтаева: «Тіл өткір найзадан да, қылыштан да, тіл сөйлейді намысқа тырысқанда» демекші, сіздер бар мүмкіндеріңізді көрсете алдыңыздар деп ойлаймын», деді олимпиада қатысушыларына.

Әлемнің он бір елінен келген 99 үміткердің ішінен І орынды Қытай елінен келген 12-сынып оқушылары Мақсат Ғымиыңнұрұлы мен Махабат Тілебалды және Моңғол Халық Республикасының 10-сынып оқушысы Әсемгүл Әділбек иеленді. Өзбекстаннан келген екі қатысушы және Ресей, Моңғол, Қытайдан келген үміткерлер екінші орынға қол жеткізді. Ал үшінші орынға Қытай елінен келген үш оқушы мен Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғол, Ресей елдерінен сайыпқырандар өзара бөлісті.

Сонымен қатар олимпиадаға қатысушылар «Ең үздік шығарма», «Жеңіске деген талпынысы үшін» және «Ең жас қатысушы» аталымдары бойынша Грамоттармен марапатталды. Оқушы жетекшілеріне ҚР Білім және ғылым министрінің және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының Алғыс хаттары табыс етілді.