Рәсімге АЭХА Бас директоры Рафаэль Мариано Гросси және Қазақстан делегациясының басшысы, Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Гұмар Серғазин қатысты.
Ұлттық стендтің ашылуында Гұмар Серғазин Қазақстан мен АЭХА арасындағы әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтіп, Рафаэль Гроссиге Қазақстанның атом саласын дамытуға көрсетіп келе жатқан дәйекті қолдауы үшін алғыс білдірді.
— Қазақстан мен АЭХА арасындағы ынтымақтастық одан әрі кеңейіп, жыл сайын практикалық әрі мазмұнды сипат алып келеді, — деді Гұмар Серғазин.
Қазақстан делегациясының басшысы Рафаэль Гроссидің ағымдағы жылдың мамыр айында Қазақстанға жасаған сапарының нәтижелеріне де тоқталды. Бұл сапар екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін берді. Сапар барысында Қазақстан мен АЭХА арасындағы 2026–2036 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі Жол картасына қол қойылды. Құжат атом энергетикасы, ядролық және радиациялық қауіпсіздік, ғылым мен білім беру, ядролық медицина және кадрлар даярлау бағыттарын қамтиды.
Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген АЭХА Бас директоры Рафаэль Мариано Гросси Қазақстан мен АЭХА арасындағы өзара іс-қимыл деңгейіне жоғары баға беріп, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықтың жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Ол Қазақстанның атом саласындағы елеулі әлеуетін атап, АЭХА-ның елдің басым бағыттарын іске асыруға, оның ішінде атом энергетикасын дамытуға, ядролық қауіпсіздікті нығайтуға, ядролық технологияларды қолдануға, ғылымды дамытуға және кадрлар даярлауға қолдау көрсетуді жалғастыруға дайын екенін білдірді.
Ұлттық стендте Қазақстанның атом саласындағы төрт жетекші ұйымы — «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС, Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы және Ядролық физика институты ұсынылған.
Экспозиция Қазақстанның ядролық отын циклі, атом энергетикасы, ядролық ғылым мен технологиялар салаларындағы жетістіктері мен құзыреттерін таныстырады. Сонымен қатар ұлттық стенд жаңа іскерлік және ғылыми байланыстар орнатуға, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, бірлескен жобалар, зерттеулер мен инвестициялардың перспективаларын талқылауға арналған алаңға айналмақ.
АЭХА Бас директорының ұлттық стендтің ашылуына қатысуы Қазақстан мен Агенттік арасындағы белсенді диалогтың жалғасы болып, қалыптасқан әріптестіктің жоғары деңгейін тағы бір мәрте растады.
АЭХА Бас конференциясының 70-сессиясы Венада 2026 жылғы 14–18 қыркүйек аралығында өтеді.
Айта кетейік, атом энергетикасы мен жасанды интеллект терминдері қазақ тілінде жүйеленеді.