Қазақстан ауаға парниктік газдарды шығару мөлшерін азайтпақ - энергетика министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан ауаға парниктік газдардың мөлшерін әлемдік көрсеткіштен екі есеге жуық көп шығарады. Бұл туралы бүгін Астанада осы саладағы заңнаманы жетілдіру тақырыбына арналған дөңгелек үстелде ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник мәлім етті.

«Қазақстан ауаға көмірқышқыл газдардың мөлшерін жан басына шаққанда әлемдік көрсеткіштен екі есеге жуық көп шығарады. Бұл мәселе өз кезегінде ауаны ластау деңгейін төмендетудің жаңа жолдарын іздеуді міндеттейді», - деді ол.

Оның айтуынша, климаттың өзгеруіне байланысты Қазақстан ауаға тасталатын зиянды газдарды төмендетуді өзінің басты мақсаттарының бірі ретінде қарастырып отыр. Қазіргі уақытта біздің еліміз климаттың өзгеруі және ауаны ластауды азайту бағытындағы жұмысты халықаралық және әлемдік ұйымдармен бірлесе отырып атқаруда.

«2013 жылы Қазақстанда көміртек нарығы пайда болды, 2014 жылы парниктік газдарға берілетін квоталардың ұлттық жоспары жасалды. Заңнамаға тиісті өзгертулер енгізілді», - дейді ол.

Қазіргі уақытта парниктік газдарды ауаға тарату жөніндегі квоталар 166 кәсіпорынға берілген.