Қазақстан Ауғанстан әйелдерінің экономикалық дербестігін арттыруға бағытталған жобаны қолға алуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігі, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы, Қазақстан Республикасындағы Жапония Елшілігі және Жапония халықаралық ынтымақтастығы агенттігі Ауғанстан әйелдерінің экономикалық дербестігі мен құқықтарын арттыруға бағытталған «Қазақстанның Ауғанстанмен дамуға ресми көмек көрсету саласындағы ынтымақтастығына жәрдемдесу» атты Қазақстанның дамуға ресми көмек көрсету бойынша ілкі жобасын іс қосты.

«Аталмыш жоба екі мақсатты көздейді. Негізінен бұл Ауғанстанға үкіметтік, халықаралық деңгейде гендерлік теңдікті сақтауға көмек көрсету. Бұл жоба үш тараптың - Қазақстан, Жапония мен БҰҰ ДБ серіктестігімен жүзеге асырылады» - деп атап өтті ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов. - Бұл әріптестік біздің өзара байланыстарымызға үлкен серпін береді. Бұл үшжақты жоба Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэнің былтырғы сапары кезінде айтылған болатын. ҚР Президенті мен Жапония  Премьер-Министрінің ресми мәлімдемесінде де бұл жоба қолға алынатындығы айтылған еді. Жобаны дамытуға үлес қосып отырған БҰҰ ДБ-на ризашылық білдіреміз. Бұл бастамаға Жапония елінің халықаралық қоры мен БҰҰ ДБ қаржылық қолдау жасайды, сонымен қатар Қазақстан өз тарапынан адами, институционалды көмек көрсетуді қолға алады. Жобаға БҰҰ ДБ мен Қазақстан жетекшілік етпек. Ауғанстан әйелдері мемлекеттік басқару, медицина, ауыл шаруашылығы және өзге де азаматтық қызметтерде өз үлестерін алып, осы жобадан үлкен пайда көреді деп сенеміз.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері ауған халқына үлкен қолдау көрсетіп келеді. Осы жылдары Қазақстан Ауғанстан мемлекетіне инфрақұрылымды дамытуға, әлеуметтік жобаларға шамамен 40 миллион АҚШ доллары шамасында қолдау жасады. Сонымен қатар біз арнайы білім жобасына 50 миллион доллар бөлдік. Ол әлі жалғасын табуда. Біз ауған жастарының қазақстандық университеттерде білім алуына жағдай жасадық. Бізде алғашқы түлектер де бар. Олар қазір Ауғанстанның дамуына өз үлестерін қосуда».

БҰҰ ДБ Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Тұрақты Үйлестірушісі Норимаса Шимомура қазақстандық тілшілерге берген сұхбатында, Қазақстан өзге мемлекеттерге көп жылдардан бері қолдау көрсетіп келе жатқандығын ерекше атап өтті.

«Қазақстан басқа мемлекеттерге 300 миллион доллардан астам қаржылай көмек беріпті. Енді Қазақстан бұл көмекті халықаралық стандарттарға сай атқарғысы келетіндігін танытуда. Бұл Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруге деген ниетін білдіреді. Қазақстан жасағалы жатқан көмек ресми қолдау көрсету жобасы аясында алғаш рет қолға алынады. Ол Ауғанстан әйелдерін қолдауға бағытталады. Әсіресе, мемлекеттік қызметте, медицина саласындағы әйелдерге мән беріледі», - деді ол.

«Біздің міндетіміз, осы жоба арқылы Қазақстанның ресми қолдау көрсету жобасындағы тәжірибесін арттыруға жәрдем беру. Бұл жоба Жапония тарапымен қаржыландырылады, 400 мың АҚШ доллары бөлінеді. Сонымен қатар біз Жапонияның халықаралық ынтымақтастығы агентігінің (JICA) тарапынан техникалық, сарапшылық көмек тартылады. Бұл өте тарихи жоба, себебі бұрын Қазақстан көмекті өзі алып келді, енді мемлекет өзге елдерге көмек көрсетуге қауқарлы, экономикалық даму деңгейі де, тәжірибесі де жетерлік. Біз БҰҰ ДБ тарапынан бұл жобаны жүзеге асыруға көмектесеміз», - деді Норимаса Шимомура мырза. 

Айта кетейік, 2014 жылы қазан айында ҚР СІМ мен БҰҰ ДБ Қазақстанның басқа елдерге көрсететін көмегін жүйелеу, сондай-ақ оны елдің сыртқы саясатының басымдықтарымен сәйкестікке келтіру мақсатында Қазақстанда дамуға ресми көмек көрсету ұлттық институтын дамыту бойынша жобаны іске қосты. Қазіргі кезде байбітшілік пен қауіпсіздікке жәрдемдесу мақсатында Қазақстан Орталық Азия, Латын Америкасы және Тыным мұхиты өкірі елдеріне гуманитарлық көмек пен оларды дамытуға бағытталған көмекті көрсетіп келеді. Былтыр Қазақстан БҰҰ ДБ бірлесіп, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және мұнай мен газ өндіру салаларында маманданып жатқан африкалық орта буын мамандарын оқытты.