Қазақстан-Ауғанстан білім беру және ғылыми-зерттеу орталығы құрылады

АСТАНА. KAZINFORM – Кабулда су ресурстарын басқару саласындағы алғашқы Қазақстан-Ауғанстан білім беру және ғылыми-зерттеу орталығы құрылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Үкімет

Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және Кабул университеті арасында су ресурстарын басқару мен ирригация, климаттың өзгеруі жағдайында ауыл шаруашылығын орнықты дамыту саласындағы ынтымақтастық бойынша ниеттестік туралы тиісті келісім жасалды. Құжатқа вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегацияның Ауғанстанға сапары шеңберінде қол қойылды.

Орталықты Кабул университетінің базасында құру жоспарланған. Бұл – су ресурстары, ирригация, орнықты ауыл шаруашылығы саласындағы алғашқы оқу-зерттеу мекемесі. Жаңа орталық маман даярлау, білім алмасу, бірлескен зерттеу жүргізу мен су-аграрлық секторда заманауи шешімдер енгізудің тәжірибе алаңына айналады. Қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар білім беру бағдарламалары мен ғылыми сүйемелдеу жүргізеді.

Фото: Үкімет

Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумында сөз сөйлеген Серік Жұманғарин су дипломатиясы, су ресурсын ұтымды пайдалану мен осы саладағы аймақтық ынтымақтастықты нығайту мәселесіне Қазақстан ерекше назар аударатынын атап өтті.

Орталық су қауіпсіздігі, орнықты ауыл шаруашылығы, климаттық бейімделу, экологиялық мониторинг пен азық-түлік қауіпсіздігі бағытын біріктіретін университетаралық зерттеу платформасы ретінде дамиды деген болжам бар. Кешенді тәсіл аймақтың орнықты дамуы үшін тәжірибелік шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.

Кабул университеті – Ауғанстандағы 1932 жылы құрылған ең көне, ең ірі мемлекеттік жоғары оқу орны. Университетте 22 факультет, пәнаралық ынтымақтастыққа арналған ауқымды академиялық база бар.

Айта кетелік Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Кабулға ресми сапары шеңберінде Ауғанстанның ішкі істер министрі Сираджуддин Хакканимен кездесу өткізген еді