Қазақстан Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша шараларға ықпалдасуын жалғастырады - ҚР СІМ (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - 8-9 желтоқсанда Исламабадта Ауғанстан бойынша Ыстамбұл үдерісінің 5-ші министрлік конференциясы өтті. Шараға 43 елдің және халықаралық ұйымдардың сыртқы істер министрлері мен делегация басшылары қатысты.

Қазақстандық делегацияны сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Мусинов басқарды.

Алқалы жиынды Пәкістан Премьер-министрі Наваз Шариф пен Ауғанстан Президенті Ашраф Гани ашты, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінен.

Конференция тақырыбы «Қауіпсіздік қатерлеріне қарсы іс-қимыл және экономикалық байланыстарға жәрдемдесу бойынша ынтымақтастықты кеңейту» болды. Кеңесте Ауғанстандағы және жалпы өңірдегі аймақтық қауіпсіздікті, лаңкестікпен және есірткі қаупімен күресуді күшейтуге назар аударылды.

Қатысушылар Ыстамбұл үдерісі жұмыс тобының 6 саладағы: есірткі бизнесіне, лаңкестікке қарсы күрес, аймақтық инфрақұрылымды дамыту, сауда және инвестициялық мүмкіндіктер, білім беру саласындағы және табиғи апаттардың алдын алу бойынша ынтымақтастықта өзара әрекеттестігі бойынша қызметі жайлы есепті тыңдады.

А. Мусинов өз сөзінде Қазақстан көп тарапты және екі тарапты форматта Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша шараларға ықпалдасуын жалғастыратынын атап өтті.

Конференция аясында А. Мусинов Пәкістанның мұнай және минералды ресурстар мемлекеттік министрі Джам Камал Ханмен кездесіп, қазақстандық-пәкістандық ынтымақтастығының мүмкіндіктері мен бүгінгі жайын талқылады.

Отырыс қорытындысы бойынша Ыстамбұл үдерісінің Исламабад Декларациясы қабылданды.