Қазақстан Ауғанстанға $21 млн-ға бидай мен күнбағыс майын жеткізеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазір Қазақстан мен Ауғанстанның саудасы $581 млн-нан асты, деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: Kazinform/ЖИ

Герат қаласында Қазақстан мен Ауғанстан кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форум өтті. Қазақстандық бизнес-делегацияны ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов басқарды. Форумға Ауғанстан нарығына шығуға және екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі 12-ге жуық қазақстандық компания қатысты.

Форум барысында екі елдің кәсіпкерлері B2B форматында кездесіп, өзара сауданы кеңейту, қазақстандық өнім экспортын арттыру және бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Фото: сауда және интеграция министрлігі

— Кездесулердің қорытындысы бойынша қазақстандық WAYSTAR және Kim Rail International компаниялары ауғандық OSMAN KHALID компаниясымен бидай жеткізуге қатысты жалпы құны $11 млн болатын екі келісімшартқа қол қойды. Сонымен қатар Қазақстанның Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығының қатысуымен құны шамамен $10 млн болатын күнбағыс майын жеткізу туралы келісім жасалды, — делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Сапар аясында «Хаф–Герат» теміржолының үшінші учаскесінің ашылу рәсімі де өтті. Оның құрылысына қазақстандық «Integra Construction KZ» ЖШС қатысты.

Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Тараптар өзара сауданың басқа да бағыттарындағы ынтымақтастықты жалғастыруға және екі елдің бизнес өкілдері арасындағы тікелей байланысты одан әрі дамытуға келісті.

Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Қазақстандық делегация Герат провинциясындағы индустриялық аймақтың өндірістік әлеуетімен де танысты. Ірі кәсіпорындардың өкілдері мәрмәр өндіру және өңдеу, металл прокатын шығару, фармацевтика және алкогольсіз сусындар өндірісіндегі кәсіпорындардың жұмысымен таныстырды.

Айта кетейік, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда көлемі де өсіп келеді. 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында екі ел арасындағы тауар айналымы $581,1 млн болды. Бұл 2025 жылдың бүкіл қорытындысындағы $541,6 млн көрсеткіштен жоғары.

Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Қазақстанның Ауғанстанға экспортында ұн, бидай, күнбағыс майы, металл өнімдері және минералды тыңайтқыштар негізгі орын алады. Сауда көлемінің өсуіне екі ел кәсіпкерлері арасындағы тікелей іскерлік байланыстың нығаюы да ықпал етіп отыр.

Қазақстан екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды дамыту үшін тұрақты түрде сауда-экономикалық миссиялар, бизнес-форумдар және B2B кездесулер өткізеді. Ал Кабул мен Гераттағы Қазақстанның Сауда үйлері отандық өнімдерді Ауғанстан нарығында ілгерілетуге және қазақстандық кәсіпкерлердің ауғандық серіктестермен тікелей байланыс орнатуына мүмкіндік береді.

Гераттағы бизнес-форум нәтижесінде жасалған келісімдер Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауданы кеңейтіп, қазақстандық өнім экспортын арттыруға және екі ел кәсіпкерлері арасындағы тікелей байланысты нығайтуға жаңа мүмкіндік береді.

Осыдан бұрын елде сары май мен күнбағыс майы өндірісінің көлемі артқанын жазғанбыз.