Қазақстан Ауғанстанға гуманитарлық көмек және құтқарушыларды жібереді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетеді. Бұл мәселе Үкіметтік комиссияның отырысында талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметке сілтемемен.
Гуманитарлық көмек азық-түлік тауарлары, шатыр, дәрі-дәрмек, киім-кешек және басқа да қажетті заттардан тұрады.
Жүк жақын арада әуе және теміржол көлігімен жөнелтіледі.
Сонымен қатар Ауғанстанға үйінді астында қалған адамдарды құтқару үшін ТЖМ құтқарушылары, соның ішінде кинолог мамандар жіберіледі.
Қазақстан биылғы 7 қазанда Герат провинциясында болған жойқын жер сілкінісінің салдарын жою мақсатында Ауғанстанға қолдау көрсетеді.
Еске сала кетейік, біз бұған дейін Ауғанстандағы алапат жер сілкінісінен 2053 адам қаза тапқанын хабарлаған едік.