Қазақстан Ауғанстанға гуманитарлық жүк жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына және Үкімет қаулысына сәйкес Ауғанстан халқына жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен тұрғындарды қолдау мақсатында гуманитарлық көмек жөнелтілді, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.
— Мемлекеттік материалдық резервтен қажетті дәрі-дәрмектер, медициналық құралдар, төсек-жабдықтар, шатырлар және өзге де бірінші кезектегі қажетті заттар бөлінді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккендерге білікті көмек көрсету үшін медициналық қызметкерлер тобын жасақтап жөнелтті. Гуманитарлық жүктің құрамына жалпы салмағы 18 тонна болатын 34 атау енгізілді. Жүк Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ұшағымен жеткізіліп, гуманитарлық көмек бүгін ауған тарапына табысталады, — делінген хабарламада.
ТЖМ әскери бөлімінің қызметкерлері мен әскери қызметшілері тиеу және түсіру жұмыстарын жүргізіп, жүктің жедел дайындалуы мен жөнелтілуін қамтамасыз етті.
Гуманитарлық көмек «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің қолдауымен көрсетілді.
Қазақстан Республикасы гуманизм мен өзара көмек қағидаттарын басшылыққа ала отырып, Ауғанстанға қолдау көрсетуді жалғастырады.
Бұдан бұрын ауған тарапының бастамасымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Ауғанстан Сыртқы істер министрі Әмір Хан Муттакимен телефон арқылы сөйлесті. Көшербаев таяуда болған жойқын жер сілкіністеріне байланысты ауған халқына көңіл айтып, алдағы уақытта Қазақстан тарапынан Қабылға гуманитарлық миссия жіберілетінін хабарлады.