«Біз Ауғанстанмен ынтымақтасамыз, сауданы дамытамыз. Екіжақты сауда 1 миллиард долларды құрайды. Бұл Әзербайжан, Түркіменстанмен арадағы саудаға қарағанда әлдеқайда көп. Осы орайда сауда ынтымақтастығын одан әрі арттырамыз. Ауғанстанмен екіжақты саудада бидай, ұн, күнбағыс майы басымдыққа ие. Неліктен бұл мүмкіндіктен бас тартуымыз керек? Бұл, сайып келгенде, біздің мемлекетімізге пайда әкеледі», - деді Серік Жұманғарин Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында.
Сондай-ақ, министр Ауғанстанда сауда үйі ашылып, оған арнайы өкіл тағайындалғанын айтты.
«Ресми өкіл жұмысты үйлестіруге жауапты, өйткені Ауғанстанның аумағы үлкен әрі әртүрлі. Енді екіжақты сауданы дамытуда нарықты зерделеп, жергілікті кәсіпкерлермен танысу қажет. Ауған кәсіпкерлерін осында шақырып, бизнес-форум өткізгім келеді. Оларға біздің мүмкіндіктерімізді көрсеткен жөн», - дейді ол.
Қазақстан Ауғанстанның Герат қаласында сауда үйін ашатынын хабарлаған едік.