Қазақстан Ауғанстанның Герат қаласында сауда үйін ашады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Былтыр Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда айналымы 1 млрд долларға жетті. Бұл туралы БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингіде ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Кабулға жұмыс сапары барысында Герат қаласында Қазақстанның жаңа сауда үйі ашылатынын мәлімдеді. Жақын арада ол өз жұмысын бастайды», - деді Айбек Смадияров БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Ол сондай-ақ Ауғанстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың әлеуеті өте жоғары екенін атап өтті.

«Мысалы, 2022 жылдың өзінде екіжақты сауда көлемі 1 млрд долларға жетті. Әрине, біздің өндірушілер, бизнесмендер аталған елге экспортталатын тауар түрлерін одан әрі кеңейтуге мүдделі», - деп түйіндеді Айбек Смадияров.

БҰҰ дерегінше, Ауғанстан халқының саны - шамамен 40 млн. Бұл - ірі әрі перспективалы нарық.