Ведомствоның мәліметінше, соңғы күндері кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан аумағына қатысты арандатушылық сипаттағы мәлімдемелер тараған.
– Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі аталған мәлімдемелердің шындыққа жанаспайтынын және ешқандай деректермен немесе фактілермен расталмайтынын мәлімдейді, – делінген хабарламада.
СІМ мұндай жарияланымдарды Қазақстан мен Ресей арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастардың сипатын бұрмалауға бағытталған негізсіз жорамалдар деп бағалады.
Министрлік Қазақстанның тату көршілік, өзара құрмет және мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау қағидаттарына негізделген бейбітсүйгіш әрі теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар Қазақстан халықаралық құқық нормаларын және халықаралық әрі өңірлік қауіпсіздік саласындағы міндеттемелерін орындайтыны айтылды.
– Қазақстан Республикасы өз аумағының, әуе кеңістігінің және инфрақұрылымының басқа мемлекеттерге қарсы бағытталған іс-қимылдарды жүзеге асыру үшін пайдаланылуына жол бермеу қағидатын берік ұстанатынын тағы да атап өтеміз, – деп мәлімдеді СІМ.
Осыған байланысты ведомство БАҚ өкілдері мен өзге де тұлғаларды тек тексерілген деректерге сүйенуге және шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратпауға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан аумағында мигранттарды орналастыру туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтіні хабарланған болатын.